Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл Астанада істен шыққан 15 лифтіні ауыстыру жоспарланған

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2018
  • 2221

Тағы да жеделсаты жыры. Астанада көп қабатты үйлердің біріндегі жеделсаты тұрғындардың зәресін ұшырды. Ал, өткен жылы қалада 23 лифт мерзімінен бұрын істен шығып, ауыстырылған екен. Ал "Атамекен" ұлттық кәсіпкер палатасы оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында, лифтілерді орнатар алдында бірыңғай стандарт құжаты бойынша қабылдауды ұсынып отыр. Астаналық лифтлер қашанға дейін тұрғындардың берекесін алмақ? Билік өкілдері олқылықты түзетуге неге асықпайды? Мәселенің мән-жайын тілішіміз Диана Сапарқызы анықтауға тырысты

Елорданың «Гранд Астана Элит» тұрғын үй кешеніндегі жедел сатынының не себепті тоқтап қалғаны белгілі болды.  Осыдан бірер күн бұрын тұрғындар жоғарғы қабаттан түсіп келе жатқанда лифт кенеттен тұрып қалған. Үрейленген тұрғындар бірден құтқару қызметіне қоңырау шалады. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген.

Юлия Горб, «Лифт сервис Астана» компаниясының қызметкері:

Тексеру нәтижелеріне сай, ешқандай бұзушылық анықталмады. Тұрғындар лифтіде тұрып қалған кезде олардың тарапынан әлдебір әрекет болған сыңайлы. Бұл қорғаныш мехнизміне әсер етіп, жеделсаты тоқтап қалған.

Осы үйге қызмет көрсетуші компанияның директоры бұл жағдайдан кейін  барлық подьездердегі жеделсатыларды тексеруге кірісіп кеткен.

Петр Гусенко,  "Гранд Астана Сервис" ЖШС директоры:

Бұрын лифтілерге қатысты олқылықтар көп болатын. Кейін лифт компаниясымен жаңа келісімшарт жасастық. Бірақ оқыс жағдай қайталанып отыр.

Әкімдіктің ақпарынша, биыл істен шыққан 15 лифтіні ауыстыру жоспарланған.  Ал былтыр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына сай іске жарамсыз 23  лифт ауыстырылған. Сонымен бірге, пайдалану мерзімі аяқталған 63 лифтіні де жаңа жеделсатылар алмастырған.

Азамат Әміржанов, Астана қаласы тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары:

Қандай жағдай болмасын, әр тұрғын үйге негізі тұрғындар жауапты. Олар қызмет көрсететін компанияны өздері таңдайды. Және аталған компания ай сайын лифтілердің техникалық жағдайын тексеріп отыру керек.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, лифтілерді орнату кезінде бірыңғай стандарт болуы керек. Тапсырыс беруші тарап, яғни тұрғындар немесе тұрғын үй кооперативі, лифтіні орнатар кезде осы құжаттағы талаптарға сәйкес қабылдайтын болады.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы:

Жеделсатыға қатысты стнадарттарды депутаттар да қолдап отыр. Қазіргі лифтілерге берілетін лицензияның орнына, осы стандарт болады. Техникалық реттеу шеңберінде талаптар бұзылған жағдайда, төлейтін айыппұл мөлшерін көбейтуді ұсындық.

Диана Сапарқызы, тілші:

Астана тұрғын үй кешендерінде негізінен Беларусь пен Қытай елінде жасалған жеделсатылар орнатылады екен. Мамандардың айтуынша, бұл лифтілер арзан болғандықтан, сұраныс көп, есесіне, бұзыла қалса, машақты аз емес. Әкімдіктің дерегіне сай, бір лифтіні ауыстыру құны орта есеппен алғанда 11 млн теңгеден басталады. Яғни тұрғын үйдің қабаты неғұрлым көп болса, жеделсатыны орнату бағасы да өсіп отырады.