Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада бір бөлігі опырылып түскен жатақхана 3 жыл бұрын апатты деп танылған

  • AstanaTV
  • 01 наурыз 2018
  • 2784

Қызылордада бір подъезі түгел қирап түскен жатақхана ғимараты осыдан үш жыл бұрын апатты деп танылған. Бұл туралы біздің арнамызға шахар әкімдігінің өкілдері  айтқан еді. Ескі ғимаратта тұрып келген елуге жуық отбасы қазір басқа орынға уақытша көшірілді. Олардың ары қарайғы тағдырының не болары белгісіз. Шарипа Сақтапованың репортажы.

Шырынкүл Сейдалиеваның мұнда тұрып жатқанына бір жылдың жүзі болған. Үш баласымен басқа барар жері болмағасын, апатты болса да, осы ғимаратты паналайды. Айтуынша, түнгі сағат 11-лер шамасында гүрс ете түскен дыбыстан шошып, далаға жүгірген. Болған жайт есіме түссе, әлі де зәрем кетеді,- дейді.

Шырынкүл Сейдалиева:

Адамдардын бәрі көшіп кеткен, аварийная ситуация деп үй алып кеткен. Бірақ есік-терезелері болмағаннан кейін берген, алды қыс қой, қыс біткен соң ремонттап аламыз деп алғанымен, кірмеген. Бұл да Құдайдың көмегі шығар.

Салынғанына жарты ғасырдай болған бес қабатты ғимаратта 103 бөлме бар. Олардың ешқайсысы жекешелендірілмеген. Билік өкілдері баспанаға зәру жандарға уақытша пана ретінде беріп келген. 

Асылбек Шәменов, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

Мәслихаттың шешімі бар осындай жағдайлар орын алғанда тұрғындарды уақытша пәтермен қамтамасыз етуге. Сол бағыт бойынша біз жұмыс жасап, 46 отбасын орналастырып, жұмыс жасаймыз.

Апатты жағдайдағы жатақханада әлі де адамдар тұрып жатыр" деген мәселені көтеріп,   өткен жылы наурыз айында эфирден көрсеткен едік. Ол кезде тұрғын үй шаруашылығы басқармасының өкілі ғимараттың 2015 жылы апатты деп танылғанын айтқан.

Біржан Далабаев, Қызылорда қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары /7 наурыз 2017 ж./:

Апатты деп танылғанымен, шатырындағы жабындылар қайтадан жабылған болатын. Бұдан бөлек іргетасына, фундамент дейміз, нығайту жұмыстары жүргізілген. Енді бұл үйден уақытша тұруға пәтерлер ұсынылып отыр.

Тұрғындардың айтуынша, облыс әкімі жағдайдан хабардар. Қазір апатқа қатысты арнайы комиссия құрылды. Әкімдік өкілдері, облыс басшысының шешімімен жатақхананың бұзылатынын айтады. Ал, комиссия әр тұрғынның жағдайын зерттеп, заң шеңберінде баспанамен қамтамасыз ету жолдарын қарастырмақ. Бұл жайында аймақ әкімінің баспасөз қызметі хабар таратты.

Шарипа САҚТАПОВА