Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында 3000 текше метрге жуық су сорылды - ТЖД

  • AstanaTV
  • 01 наурыз 2018
  • 3463

Алматы облысындағы елді мекендерде тасқынның салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. 3 мың текше метрге жуық су сорылған. Мыңға жуық тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілген Тұздыбастау ауылында жағдай аздап тұрақталып келеді. Арықтар мен аулаларды тазалау, суды ағызу жұмыстары жүріп жатыр. Жүк көліктерімен тас төгіліп, балшыққа айналған шағын көшелер жөнге келтірілуде. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері су басқан 35 үйдің 23-і қалыпқа келгенін айтты. Тұрғындардың алды баспаналарына оралып жатыр. 

Айгүл Хасенова, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:

Әлі шығарып жатыр суды үйлерден. Менің үйімді бірінші шығарып берді. Су бәрін алып кетті ғой. Соның бәрін тазартып, мына жерде мектептен оқушылар келді. Тазартты ненің бәрін шығарып. Көмектері тиіп жатыр. Рақмет.

Тұрғындардың сөзінше, облыс әкімі ауылға бүгін де атбасын бұрған. Жол тазартылып, үш көшеге асфальт төселеді, арықтар қазылып, еріген суды өзге арнаға бұру шарасы атқарылады деп уәде еткен. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Ақсу аудандары мен Талдықорған қаласында аулалар мен көшелерді су басу жағдайы тіркелген. Бірақ, қатты зардап шеккендер жоқ. Тасқынға тосқауыл болу үшін 500-ден астам адам мен 130-ға жуық техника жұмылдырылған.