«NS» радиосы өзінің 23 жасқа толған туған күнін салтанатпен атап өтті. 1995 жылы құрылған радиоарна осы уақыт аралығында көпшіліктің жүрегінен орын алып үлгерген. Миллиондаған тыңдарманы бар радио еліміздің 28 қаласына хабар таратады. Содан болар, ұжымның мерейтойына орай құттықтау лебізімен келгендердің қарасы қалың. Олжас Нұржақыптың бейнематериалы.
Шынайы тыңдармандарыңыз көп болсын. Филиалдарыңыз да ұлғайсын.
Ресейлік танымал әнші Виктория Дайнеко радиотолқынның туған күніне арнайы келген. Мақсат - радио ұжымымен жақынырақ танысу дейді. Себебі, оның әуендері радиодағы ән таспалардың алдыңғы көшінде.
Виктория Дайнеко, әнші:
Алдағы уақытта радио үні біздің елімізде де естілер деген сенім бар. Өз әуендеріміздің өзге елдің толқынында тарағанын естіп марқайып қаламыз. Өйткені радио үшін ең бастысы - жақсы ән, шынайы тыңдарман.
«NS» радиосы 1995-ші жылы құрылды. Ол кезде хабар тарату мүмкіндігі Алматыны ғана қамтыған. Бірақ заман көшіне ілесуге талпынған ұжымның еңбегі зор нәтиже берді. Бүгінде, 28 қаладағы тыңдарманды қуантып отыр. Жаңа формат, жаңашыл көзқарастың арқасында ақпараттық контент пен ойын сауық бағдарламалары түрленген. Еліміздегі ең үздік үш радионың қатарынан орын алған.
Ринат Абдулхалықов, «NS» радиосының бас директоры:
Ұлттық үнімізді, тамаша жобаларымызды ұсынудан жалыққан емеспіз. Оның үстіне радиомыздың басты ерекшелігі өз жобаларымызда. Қызықты таңғы шоу, күндізгі блоктар мен әуезді әндер. Міне, тыңдарманның жүрегіне жол салған осындай ізденістер.
Танымсыз еңбек, үздік болуға деген ұмтылыс радионы мықты кадрлар ұстаханасына айналдырды. Бүгінде, толқыннан түлеп ұшқан танымал тұлғалар БАҚ пен шоу-бизнес әлемін бағындырып келеді. Радио 23 жылдық мерекені ұмыт қалған ескі дәстүрмен өткізуді жөн санаған. Яғни кең көлемді концерттік бағдарлама, құттықтау лебіздермен.
Қайрат Ғабиден, Алматы қаласының тұрғыны:
Жүректі жылытар ән, жақсы жүргізушілер мен креативті продюссерлер ұжымы. Әр-түрлі ойын сауық бағдарламалар. Мен радиотолқынды қатты жақсы көремін. Тек соларды ғана тыңдаймын.
Шынайы эмоция, мықты мамандар мен әуезді үн. Үздік жүргізушілер мен тынымсыз тілшілер алаңы. Ондаған марапаттар пен жүлделер. Бұл «NS» радиосының бүгінгі бет бейнесі. Жылдар бойғы жұмыстың жемісі, бағындырған белесі. Ұжым үшін қашанда тыңдарман тілегі басты орында
Олжас
НҰРЖАҚЫП