Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауыр соққыдан ауруханаға түскен бес жасар қыздың ісімен полиция айналысып жатыр

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2018
  • 3456

Ауыр соққы алып, дене жарақаттарымен ауруханаға түскен бес жасар қыздың ісімен полиция айналысып жатыр. Баланың таяққа жығылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған еді. Автор қызды нағашы ағасының сабағанын жазады. Дегенмен ресми органдар бұл ақпаратты растауға асығар емес.

Бес жасар бүлдіршін ауруханаға 1 наурызда жеткізілген. Бет-аузы көгерген қыз бала дәрігерлерге басының ауырғанын айтыпты. Кейін  компьютерлік томография жасалған. Онда баланың ауыр жарақат алғаны анықталды. Миына қан құйылды деп диагноз қойылған сәбиге  ота жасалған.

Ербол Козыбағаров, Астана қалалық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:

Қазір баланың жағдайы қалыпты. Бала бөлімшеде жатыр. Қорқынышты жағдайлар жоқ.

Бес жасар қыздың аяусыз жәбір көргені туралы ақпарат әлеуметтік желіде желдей есті. Бұл туралы оның аурухана палатасындағы көршісі мәлімдеді. Келіншектің сөзінше, қызды үйіндегілер ұрып-соққан. «Бұл қыз нағашы ағасымен бірге тұрады екен. Шешесі түрмеде, әкесі қайтыс болған. Осындай аянышты жағдайға тап болған қорғансыз сәбиге қайырымды жандардың көмегі керек-ақ. Кім болса да, балаға қол көтеруге болмайды»

Кішкентай қызды ауруханаға әкелген ағасы оның диваннан құлап кеткенін айтып, азар да безер болған. Шын мәнінде сәбидің неден жараланғанын енді полицейлер анықтайды. Сақшылар әлеуметтік желіде тараған ақпаратты растамады, бірақ теріске де шығармады.

Софья Қылышбекова,  Астана қалалық ІІД ресми өкілі:

Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Барлық мән-жай толық анықталуда. ҚР Процессуалды Кодекстің 201 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу мәліметтері жариялауға жатпайды.

Соққыға жығылған бала туралы ақпарат билік өкілдерін де бей-жай қалдырмады. Астана әкімі Әсет Исекешев мәселені өз бақылауына алатынын жеткізді. Мән-жай анықталғасын, жетімек балалар үйіне жіберілуі мүмкін. Дегенмен кей азаматтар қызды бауырына басуға дайын екенін жеткізді. Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева әліптің артын бағу керектігін айтады

Зағипа Балиева, ҚР балалар құқығы бойынша уәкіл:

Қажетті шаралар істеліп жатыр. Операциядан өтті. Қазіргі құқықтық органдар өзнің жұмысын істеп жатыр. Қорытындысы шыққанда, міндетті түрде сізге жіберемін.

Астана қалалық білім басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, бес жасар қыз ағасының тәрбиесінде болған. Ал сәбидің анасы түрмеде жазасын өтеп жатыр. Әкесі туралы ешбір мәлімет жоқ. 32-жастағы Рустам Сәдуақасовтың кішкентай жиенінен басқа өзінің екі баласын тәрбиелеп отырғаны белгілі болды.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА Әділ ӨНЕРБАЕВ