Русский Сайттың толық нұсқасы

Жылжымайтын мүлік сарапшыларының пікірі

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2018
  • 4004

Екінші деңгейлі банктерді "7-20-25" бағдарламасына мәжбүрлеу мүмкін емес. Оны іске асыратын жаңа ойыншы пайда болуы мүмкін. Бүгін Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осылай деді. Ал несие рәсімдеуге 1 триллион теңге тартылмақ. Бұл қолжетімді баспанамен қамту үшін жеткізлікті деді министр. Ал бұл бағдарлама ипотека нарығына, құрылыс саласы мен құрылыс материалдары өндірісіне қарқын береді деп отыр. Ал жұрт арасында үй бағасы шарықтайды деген алып-қашпа әңгіме тарап үлгерді. Аймақтағы тілшілеріміз мамандар пікірін білді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Президенттің «7-20-25» бағдарламасы Қызылжардағы көп отбасына сенім ұялатты. Мемлекет ұсынған мүмкіндіктен хабардар болған өңір тұрғындары енді жобаның іске қосылуын тағатсыздана күтіп отыр. 2011 жылы отау құрған Тәстенбековтер әзірге ата-анасының қолында тұрып жатыр. Жеке шаңырақ болу үшін ай сайын тапқан нәпақасын банкте жинап жүр.

Данияр Тәстенбеков, Петропавл қаласы тұрғыны:

Біз кеше Президенттің ипотекаға байланысты ойын естіп қуанып қалдық. Екінші деңгейлі банктердің жоғары пайыздарына тәуелді болмай, арзандатылған несие алатын мүмкіндік туды. 20 пайыз бастапқы жарнам бар.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында пәтер кезегінде 19 мыңға жуық адам тұр. Алайда, көбісінің банкте шоты жоқ. Былтыр аймақта 200 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Биыл бұл көрсеткішті арттыру жоспарда бар. 

Қайрат Мұстафин, СҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Биыл 240 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жоспарда бар. Оның үшінші бөлігі несиеге берілетін үйлер болады. Жалпы біз баспана құрылысын жыл сайын 20-22 пайызға өсіріп отырмыз. Меніңше, Елбасының жаңа бағдарламасының арқасында құрылыс саласы одан әрі жандана түседі.

Абзал Құрманкин, тілші:

Аймақта жеке құрылыс компаниялары баспана тұрғызуға құлықсыз. Жергілікті атқамінерлер енді тың жобаның арқасында жеке секторға қан жүгіре бастайды деп отыр. Ал, Шымкентте салынған үйлерін өткізе алмай отырған құрылыс компаниялары жаңа бастамадан үмітті екен. Әріптесім Айзада Төребекқызы айтып береді. Айзада ... 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Иә, Абзал біздегі тұрғын үй салумен айналысатын құрылыс компаниялары өтпей тұрған пәтерлері енді сатыла бастайтынына сенімді. Мына тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтаған компания мамыр айында тағы 48 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға тапсырғалы отыр. Айтуларынша, соның онына ғана үміткер табылыпты.

Тимур Беймұратов, құрылыс компаниясының қаржы директоры:

Құрылыс салушы ретінде бұл ең әуелі сұранысты арттырады. Себебі пәтерді салғаннан соң оны тездетіп сатқан тиімді. Үстеме пайызы төмен болса, халыққа да қолжетімді болады. 17 пайыз бен 7 пайыздың айырмашылығы едәуір. Бәрінен бұрын баспаналар өтіп жатса, құрылысқа салған қаржы айналымы да жақсы жүреді. Сәйкесінше, сұраныс артса, үйді де көптеп саламыз.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Айта кетейін, биыл аймақта барлық қаржыландыру көздері есебінен 730 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру межеленіп отыр. Дегенмен жаңашылдыққа сарапшы мамандар қандай болжам айтар екен. Алматылық әріптесім Ришат Асқарбекұлы тақырыпты жалғастырса. Ришат ...

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ия, Айзада, риэлторлар қауымдастығының өкілдері "бастаманың ережесін жазып, жұмыс регалментін бекіту үшін, кем дегенде 3 ай уақыт керек" дейді.

Лариса Степаненко, Қазақстан риэлторлары қауымдастығының вице-президенті:

Бізге күніне ондаған клиент хабарласып, баспана қымбаттап кете ме деп сұрап жатыр. Меніңше, алаңдауға еш негіз жоқ. Себебі банктерде бұл өнім өте шектеулі көлемде саудаланатын болады. Яғни мөлшерлемесі төмен болғанымен, қаражат жеткіліксіз болуы мүмкін. Ал баспанадан үміттенгендер үшін жоғары табыс пен құжат өткізуге деген талап жоғары болады. Ендеше бұл бағдарламамен кез-келгеннің баспанаға қол жеткізуі екіталай.

Бүгін үкіметте арнайы брифинг берген Жеңіс Қасымбек екінші деңгейлі банктерді бұл шарттармен жұмыс істеуге көндіруде кедергі болатынын жасырмады. 

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Енді бір аптадан соң жол картасын әзірлеп, әрбір пункт бойынша түсініктеме береміз. Бүгін «Құрылысжинақбанкі» ипотекалық несиенің үштен екісін игеріп отыр. Егер айтып отырған жоба іске аса бастаса, нарықта бәсеке пайда болады. Екінші деңгейлі банктерге де кезекке тұра бастайды. 

Тәуелсіз сарапшылар жобаны жүзеге асыру жариялы және қатаң бақылауда болуы керек деп есептейді.

Меруерт Махмұтова, экономист:

Оны үйі бар, жағдайы бар азаматтар алып, оны жоғары бағада қайтадан сататын болса, ол дұрыс емес. Бұл - бірінші. Екіншіден, ол үйді 25 жылға алған соң, оның сапасына мән беру керек. Кейін уақыт өткенде, ол сатуға да келмей қалса, бұл - өкінішті. Сондықтан үкіметтік органдар осыны қадағалауы керек.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Құрылыс нарығында да дүрбелең бола қоймайды. Тек нарықтағы негізгі ойыншылар өтпей тұрған жаңа пәтерлерді сатуға мүмкіндік алады, дейді мамандар. Ал екінші деңгейлі банктердің ұстанымын білу бүгін мүмкін болмады. Олар Ұлттық банктен пәрмен күтіп отырғандарын айтады. Ал бас банк ертең осы мәселеге орай арнайы брифинг өткізетіндерін хабарлады.

Ришат Асқарбекұлы, Абзал Құрманки, Айзада Төребекқызы