Русский Сайттың толық нұсқасы

Даниал Ахметов шұғыл қызметтің жұмысын сынға алды

  • AstanaTV
  • 12 наурыз 2018
  • 4226

"Шығыстағы күрделі ахуалға коммуналдық салаға жауаптылардың салғырттығы себеп болды". Аймақ басшысы Даниал Ахметов осылай деді. Облыс басшысы, Өскемендегі төтенше жағдайдың алдын алуға болар еді, деген пікірде. Үш күн бойы толассыз жауған нөсер жауыннан соң тасқын су халықты әбігерге салды. Аягөз ауданында төтенше жағдай жарияланған. Көшелер мен үйлерді су басып, адамдар қауіпсіз аумаққа көшірілді. Өскеменде төрт үй мен бірнеше көшені су басты. 

Бұл Аякөздегі көрініс. Судың ортасында қалған адамдар осылай трактордың көмегімен құтқарылған. Жауын- шашыннан 40 шақты үй мен бірнеше орталық көшеге су жайылды. Аумақта табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік үшін тұрғындар жергілікті мектепке жайғастырылған.

Ал бұл - Өскемен. Шахарға үш күнде екі айлық мөлшердегі жауын-шашын түсті. Арықтар қоқысқа толып қалғандықтан, қызыл су арнасынан асып, үйлерге қарай лап қойған.

Олжас Мұқашев, Өскемен қаласының тұрғыны:

Міне суды откачивать етіп жатыр, бірақ моторлары нашар, бізге көмектен трактор керек болып тұр, экскаватор. Мына жолды қазып, суды ары қарай шығаратын. Енді сол экскаваторды да таба алмай отырмыз. 

Исмаил Исмаилов, Өскемен қаласының тұрғыны:

Бақшаны түгел су басты. Төтеншеліктер құм салынған қаптарды әкеп мына жерге төкті, екіншісін ана жерге. Судың жолын бөгеп әлек болдық. Көршілер де осы жерден алды.

Ал Құмар Файзрахманов отбасымен бірге көршісінің үйіне түнепті. Топан су баспанамыздың терезесіне дейін жетті дейді. Бүкіл жиһаз, тұрмыстық техника, киім-кешек судың ортасында қалып қойған. Шағын су сорғыш құралдың күші арыны қатты суға жетпей, салдарынан тағы үш үй осындай жағдайға тап болды. 

Ал мынау Сәтбаев даңғылы. Ертістің екі бетін жалғайтын облыстық маңыздағы күре жолдың бірі көпшіліктің көз алдында өзенге айналды. Көлік қозғалысы қиындады. Тіпті қоғамдық көліктегі жолаушыларды құтқаруға тура келген. 

Түнде қатты аяз болып, таңертең қала мұз құрсанды. Жолдарда қозғалыс мүлде тоқтаған. Апатты жағдайдың салдарын жою мен жолдағы қызметтерді реттеуді облыс әкімінің өзі  бақылауға алды.

«Берешь два грейдера от начала Сатпаева и очищаешь, понял? Два борта за тобой».

«Астана» арнасына берген сұқбатында аймақ басшысы, шұғыл әрекет еткенде, тым болмағанда, қалада төтенше жағдайдың алдын алуға болар еді, дегенді айтты.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Шұғыл қызмет дұрыс жұмыс істемеген. Мен тағы айтам, бұл тіпті ұят, масқара. Білдей басқарма мен қала әкімі бірлесіп төрт үйдегі суды сора алмау не деген сұмдық. Қала бойынша 4 сорғы табылмаған ба?! Бұл ешқандай да шұғыл әрекет жасалмаған деген сөз. Мен мұны жәй қалдырмаймын.  

Осы жағдайға байланысты Өскемен, Риддер қалаларындағы мектептер мен колледж студенттеріне сабақ тоқтатылды. Облыстық және республикалық маңызы бар жолдарға мерзімді шектеулер қойылған. Таулы аймақта қар көшкіні қаупі әлі де сақталуда.

Үш күнде 70 үй, 150 аула, 110 саяжай су ортасында қалды. 400 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Билік зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетіледі деп сендірді. Ал жүргізушілерді қала тұрғындарын тегін тасымалдауға үндеді. Мұндай бастама әлеуметтік желілер арқылы тарап жатыр.

Қазір аймақта құтқару қызметі төтенше жағдай режиміне көшкен. Жолдар, көпірлер мен бөгеттерге құм төселуде. 13 мың текше метрдан астам су сорылған. Төтенше жағдай мамандары мен әкімдік өкілдері апаттың салдарын жойып,  алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін Аягөз ауданына жол жүрмек.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ