Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысының Аранды ауылындағы мектеп уақытша жабылды

  • AstanaTV
  • 12 наурыз 2018
  • 4896

Топан су Қызылорда облысындағы бірқатар елді мекендерді де әлекке салды. Соңғы күндері аймақта ауа райы күрт жылынған. Оның үстіне толассыз жаңбыр жауған. Оған еріген қар суы қосылып, тілсіз жау аулаларға лап қойды. Салдарынан Қазалы ауданына қарасты Аранды ауылындағы мектеп жұмысын уақытша тоқтатты. Білім ошағының ауласы суға толып, ғимаратына зақым келген.

Асқар Төлешов, Қызылорда облысы ТЖД басшысының орынбасары:

Зерттеу барысында нысанға сызат түскені анықталған. Суды сору жұмыстары жүргізілді. Құтқару шараларына 30-ға тарта адам мен 80 бірлік техника тартылды.

Жүзге жуық оқушы көрші Қожабақы ауылындаға мектепте екінші ауысыммен оқитын болады. Жергілікті атқамінерлер тасқынның беті қайтқанша осылай амалдай тұруға шешім қабылдаған. Ұстаздар мен оқушыларды тасымалдау үшін Қазалы ауданының әкімдігі арнайы автобус бөліп отыр. Айта кетейік, мектеп осыдан үш жыл бұрын ғана пайдалануға берілген. Бұл туралы білім басқармасының өкілдері айтты.