Русский Сайттың толық нұсқасы

Тасқыннан зардап шеккен аягөздіктерге баспана алу үшін ШҚО әкімдігі 50 миллион теңге бөлді

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2018
  • 2706

Тасқыннан зардап шеккен Аягөз тұрғындары баспаналы болады. Шығыс Қазақстан облысындағы «Парыз» қайырымдылық қорынан бұл мақсатқа 50 миллион теңге бөлінді. Топан судан бүлінген 189 үйдің сегізі бұзылған, тағы он баспана қираудың алдында тұр. Арнайы комиссия су басқан үйлердің жағдайын бақылауға алған. Әкімдіктегілер қираған нысандардың саны артуы мүмкін деп отыр. Ал баспанасыз қалған тұрғындарға Аягөзден баспана сатып алынады. Үш айдан соң қалада алпыс пәтерлі үй қолданысқа берілмек. Табиғи апат салдарынан үйсіз қалған адамдар түгел баспанамен қамтылады. Аймақ басшысы Даниал Ахметов осылай деп мәлімдеді. Қазір 73 адам жергілікті мектеп-интернатты паналап отыр. Жартысынан көбі балалар. Оларға киім-кешек және ыстық тамақ беріліп жатыр. Ал жалпы аймақтағы ахуал бұдан да күрделі.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

Қолайсыз ауа-райы салдарынан 229 тұрғын үйді су басты. Су басқан үйден 385 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның ішінде 42 бала бар. Барлығы мектепке барып жүр.

Қауіпті тұстар қадағаланады. Күн сайын алты тікұшақпен арнайы бригада көктен барлау жасап, жағдайды бақылауда ұстамақ. Апта соңына дейін шығыста су басу қаупі бар аймақтардың картасы құрылады. Тасқыннан зардап шеккен аягөздіктерге тұрғындар да қолдан келген көмегін көрсетуде. «Нұр Отан» партиясының өкілдері бұл іске атсалысып, бірнеше орында халықтан жиналған көмек қабылданып жатыр. Киім-кешек, төсек жабдықтары мен азық-түлік жеткізіліп жатыр. Көптеген кәсіпорын қызметкерлері біркүндік жалақысын арнайы ашылған есеп шотқа аударуда.

Юлия Вторникова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Апат айтып келмейді. Мұндай жағдайда әйелдердің қалай қиналатынын мен жақсы түсінемін. Біз балаларға қажетті заттарды жинадық. Бүгін жұмыстағылармен сөйлесіп, нақты бір отбасыға көмек көрсету үшін ақша аударамыз деп шештік.