Русский Сайттың толық нұсқасы

Студенттерді толықтай жатақханамен қамту үшін құрылыс жұмыстарына мемлекет 118 миллиард теңге қаражат бөлмек

  • AstanaTV
  • 15 наурыз 2018
  • 3491

Студенттерді толықтай жатақханамен қамту үшін құрылыс жұмыстарына мемлекет 118 миллиард теңге қаражат бөлмек. Ал аталған сомма 10 жыл ішінде кезең-кезеңімен жұмсалатын болады. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз жиынында Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді. Президенттің 3-ші бастамасы көпке үміт сыйлады. Жатақхана тапшылығы студенттер қаласы Алматыда өткір. Уақытша баспана барлық қалада салынғанымен, алғашқы құрылыс Алматыда басталмақ. Аймақтағы тілшілеріміз сабақтайды.

Олжас Нұржақып, тілші:

Елде 530 мың студент бар. Оның 204 мыңы, яғни 38 пайызы, студенттер үйіне жете алмай келеді. Өзекті мәселеге өзгеріс енгізу президент бастамасымен 118 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр.

Вице-министрдің мәліметіне сүйенсек, студенттер үйін салу жоғарғы оқу орны мен жеке компанияларға жүктеледі. Ал, бөлінген қаражат «Қаржы орталығы» АҚ арқылы беріледі. Сондай-ақ, жатақхана құрылысын субсидиялау үшін бастаманы "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасына енгізу де қаралмақ.

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

Болжаммен алғанда, 118 млрд теңге 10 жыл ішінде кезең-кезеңімен бөлінеді. Келесі жылы 100 млн бөлеміз әрі қарай өсе береді. Ең ірі көлемдегі төлем 2022-2026 жылдары 15 млрд-тан бөлінеді.

Ал жоғарғы оқу орындарының басшылары құрылысты асыға күтіп отыр. Алматыдағы Асфендияров атындағы медициналық университетте 9 мың студент бар. 7 жатақханасы бар болғанымен, оған тек 2 мың студент сияды. Білім ордасы мәселені шешу үшін өз бюджетінен 512 орынды жатақхана құрылысын бастаған. Келер жылы дайын болады. Бірақ әлі 6 мыңдай студенті пәтер жағалайын деп тұр. Бірақ оқу орнының басшыларына президент бастамасы үміт сыйлап отыр.

Убайдулла Датхаев, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің проректоры:

Елбасының бес бастамасындағы үшінші ұсынысы - студенттерді жатақханамен қамту. Бұл біз үшін керемет мүмкіндік. Оқу ұжымы ғана емес, студенттерімізде қатты қуануда. Бағдарламаның бізге де пайдасы тиетіндігіне сенімдіміз. Алдағы жылдары осы жоба аясында жатақханада тұрғысы келетін алты мыңнан аса студентімізді толықтай қамтимыз деген ойымыз бар.

Олжас Нұржақып, тілші:

Ақтөбеге батыстағы жастардың көбі ағылады. Жақсыбек, аймақта жатақхана жетіспеушілігі бар ма?

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ия, тапшылық бар. Президент бастамасы талқыланған жиында облыс әкімі студенттердің 40 пайызы ғана жатақханамен қамтылғанын айтты. Ол жоғарғы оқу орындарында оқитындардың есебі ғана. Алайда, өңірдегі 44 колледждің жартысына жуығында жатақхана мүлдем жоқ.

Бұл арнаулы орта оқу орындарындағы 21 мың шәкірттің 18 пайызы ғана уақытша баспанамен қамтылған. Өткен жылы Қандыағаш пен Шалқар қалаларындағы колледждер жанындағы ескі ғимараттар жөнделген. Қазір облыс орталығындағы ірі үш білім ордасының жанынан жатақханалар салу жоспарлануда. 

Руслан  Бегімбетов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Қазірде студент саны көбеюіне байланысты жаңа жатақхана салу бойынша жоба қарастырып жатырмыз. Тағы екі колледж бойынша ұсыныс беріп отырмыз. Сондықтан үш жатақханаға ұсыныс беріліп отыр. Бұл сұрақты тек бюджеттен емес, жекеменшік серіктестік аясында салуды қарау, жан-жақты қаралсын деп айтылды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір колледждерге аудан, ауылдардан келіп оқитын 8 мың студент пәтер жағалап жүр екен. Алайда мамандар олардың бәрі бірдей жатақханада тұрғысы келмейді дейді. Оны арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткен. Сондықтан, жатақхана салынбас бұрын, сұраныс көлемі де ескерілмек. Ал бүгінде аймақта 49 мың студент білім алып жүр. 

Жақсыбек КЕМАЛ, Олжас НҚРЖАҚЫП