Әлемге әйгілі ағылшын физик-теоретигі Стивен Уильям Хокинг 77-ге қараған шағында дүниеден озды. Дүние жүзіне «Уақыттың қысқаша таихы» кітабымен танылған ол Жаратылыстың Үлкен жарылыстан пайда болғанын және оның алғашқы қалпы –космологиялық сингулярдың пайда болу мәселелерімен айналысқан, ғылымға жан-тәнімен берілген ғалым. Стивен Хокинг бүйір амио-трофиялық склерозы деген ауыр дертпен өмір сүрді. Хокингпен тараздық мектеп оқушысы Исаак Мустопуло кездескен. Церебралды паралич бала инновациядан ұлттық конкурста арнайы жүлде алғасын («Үйлесімділік теориясы» ролигінде ғарыш аппараттары үшін электр қуатын өндіру жолын сипаттаған) ғалымды бір көру арманын айтқан. Ақыры арманына жеткен. Біздің тілшіміз Данияр Әлімқұл Исаакпен сұхбаттасқан, тыңдайық:
Исаак Мустопуло, Стивен Хокингпен кездескен тараздық оқушы:
Оның дүниеден өткеніне менің өзім қатты қапаландым, ал жақындары, отбасы қалай қайғырғанын елестете алмаймын...Менің арманым – Кембридж университетіне түсіп, оның ісін жалғастыру. Ғылымды насихаттап дегендей... Біз кездескенде ғылым туралы айтпадық. Қарапайым әңгіме өрбіді. Қандай кинолар көретінін, кімді кумир еткенін сұрадым. Ол менен біздің еліміз туралы сұрады. Мен оған сипаттап бердім. Детальді түрде баяндауға тырыстым. Мен табиғаттың барлық аймағы бар екенін, дала да, орман да, тау да барын айттым. Жаздың ыстық, қыстың қарлы екенін. Туған жерді жақсы көретінімді.
Ол бірнәрсеге қадалып қалмауды, не ұнаса, соның бәрін көруді айтты. Адам сол кезде ғана толыққанды дами алады, деді. Мен онсыз да сөйтемін. Ол «еліңде ғылымды насихатта» деді. Мен оның назарын ұмытпаймын. Көздері энергияға толы болды...Көп адам онда бағынбайтын күш бар дейді. Көргенде, мәнін ұқтым. Мені моральдық жағынан күшті қыла түсті. Болмайтын, істелмейтін нәрсе жоқ екенін көрсетті. Оның өмірі соған дәлел.
Мен Исаакты толық тыңдап шықтым да қайран қалдым – 15 жастағы бала ойын дәл жеткізеді, сауатты жеткізеді, білімге құштар екені, ғылымды сүйетіні бірден байқалады. Исаактың жолы болғанын тілейсің.