Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлық жалғызбасты анаға 900 мың теңге көлемінде айыппұл салынды

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2018
  • 3153

Павлодар өңіріндегі Қызылжар ауылының тұрғыны үш айға жуық қара түнекте күн көріп отыр. Айтуынша, монополистер «артық ток ұрладың» деген айып тағып, жалғызбасты анаға 930 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Ауыл тұрғыны қомақты қарыздың қайдан келгенін біле алмай дал. Бармаған жері қалмаған зейнеткердің бар үміті сотта. Әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы тараптардың тыңдап көрді.

Күндіз алланың берген жарғымымен күн көреміз. Түнде сол енді май шамменен күн көреміз. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Ұлар апа бұл үйді осыдан 10 жыл бұрын сатып алған. 2015 жылы электриктер үйге жаңа ток есептегіш орнатып берген. Сол кезде жүргізген тексерісте ешқандай ақау байқалмапты. Алайда былтыр желтоқсанында болған кезекті тексеріс бұл үйдің артық ток пайдаланғанын анықтады. Сөйтіп жалғызбасты ананың мойнына 900 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. 

Ток ұрлады деп тұрған осы жер. Осыған менің тоңазытқышым 10 жыл жалғаулы тұрды. Ол ток қайдан келгенін білмейміз.

Зейнеткердің айтуынша, келген мамандар ештеңе түсіндірмеген. "Ток өткізгіштер мен есептегіш құрылғыны тексереміз", - депті. Кейін "жұмыс жүргізілді" деген бір парақ қағазға қол қоюын сұраған көрінеді. Бар гәп осыдан шыққан. Тексеру актісінде тұтынушы 960 күнде 81 мың кВт электр энергиясын заңсыз пайдаланды делінген. 

Ұлар Манан:

Қадірімнің кеткеніне өкініп отырмын. Төлемей қойсам, ай сайынғы ақшасын бермесем, онда бір сәрі. Онда сөз басқаша болады ғой. Адам мойнымен біледі ғой. Ал менде ондай қарыз жоқ.

Бір күнде борышкер атанған көпбалалы ана төлемдердің бірін қалдырмай өтеп келгенін айтады. Бұған қат-қабат болып жиналған мына түбіртектер дәлел. Осы күнге дейін төлем екі жарым мың теңгеден асып көрмепті. Жалғызбасты әйелдің басына түскен жағдайды тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы назарына алған.

Юрий Страхов, тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының қоғамдық инспекторы:

Токты ұрлау үшін есептегіштің қақпағын ашып, ішіндегі схеманы өзгерту керек. Содан кейін ғана ұрлық болды деп айта аламыз. Бұл жағдайда ондай ештеңе болмаған. Пломба орнында, сымдарда да еш өзгеріс байқалмады. Немесе апа электр бағанына шығып, сол жерде сымдарды ауыстыруы керек еді. Меніңше, бұл ойға сыймайтын дүние.

Индира Лятина, «Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінің өкілі:

Ақсу электр желісі кәсіпорнының жұмыскерлері есептегіш құралдарын жоспарлы тексерістен өткізген. Тексеру барысында тұтынушының қосылу схемасын заңсыз өзгертіп алғандығы анықталды. Осының негізінде акт құрастырылып, есептегіштің соңғы тексерілген уақыты 2015 жылдың 22 сәуірінен 2017 жылдың 7 желтоқсаны аралығында қайта есептеу рәсімделді. 

Енді бұл мәселе сотта қаралмақ. Сот процесі сәуірдің екісіне белгіленіпті. Қоғамдық инспектор Юрий Страховтың дерегінше, құжатқа бей-жай қараудың соңы көп жағдай осыған соқтырады. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ