Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойына орай осы саланың үздіктері марапатталды. Бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қиыны мен қызығы қатар жүретін салада 20 жылдан астам уақыт қызмет еткен жандармен жүздесіп, оларға мерейтойлық төсбелгі табыс етті. Арасында «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай, арнада талай жыл талмай еңбек еткен жаңалықтар бөлімінің жауапты редакторы Базаргүл Отыншиева, дыбыс режиссері Қарлығаш Мұқанова мен бас режиссер Қарлығаш Смағұлова да бар.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
Қазір цифрлық Қазақстан деп жатыр, телевидение де, интернет те өте қатты дамып келе жатыр. Менің ойым, телевизия өз орынын алады. Жаңа формат өзгереді. Кәсіби журналистер болсын, редакциялар болсын, жақсы контент болса, бәсекеге қабілетті ол өз орнын алады да, одан әрі дамиды деп ойлаймын.
Бүгін сондай-ақ «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесін тапсыру шарасы өтті. Салтанатты марапаттау рәсімін ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының жолдаған құттықтауын оқыды. Биылғы бәйгеге 14 номинация бойынша өтінімдер қабылданған. Олардың ішінде «Үздік операторлық жұмыс», «Жылдың үздік тележүргізушісі», «Үздік тележурналист», «Үздік режиссерлік жұмыс» және өзге де аталымдар бар. "Астана" телеарнасының төл туындысы "Асыл арман" телехикаясы қазылар таңдауы бойынша заманауи телесериалдардың арасындағы ең үздігі деп табылып, "Тұмар" жүлдесіне ие болды.
Ләззат Танысбай, «Астана» телеарнасының бас директоры:
Бұл сериал «Асыл Арман» кішкентай нәрестесін қоқысқа тастаған бір қыздың қылмысы мен және сол нәрестені үлкен мейіріммен асырап алып, соны көтерген екінші қыздың ерлігі. Айтайын дегенім, осыншама 60 жылда біздің бүкіл телевизия саласының мамандарының мақсаты өзгерген жоқ. Қандай да заманда, қандай да жағдайда біздің барлығымыздың мақсатымыз - осындай сериалдар, осындай тележобаларымыз арқылы қоғамды тәрбиелеу. Жақсылық жағында қызмет ету. Міне осы мақсатымыз ешқашанда өзгермесін. Мерекелеріңізбен.
Ақпарат
және коммуникациялар министрлігі маңызды телевизиялық дүниелерді дәріптеу,
талантты мамандарды қолдау мақсатында биыл екінші рет «Тұмар» ұлттық
телевизиялық бәйгесін жариялаған. Мақсат - отандық телеарналардың сапалық стандарттарын
арттыру, қазақ телевизиясының дамуына жол ашу.