Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда су тасқынының алдын-алу жұмыстары жүргізіліп жатыр

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2018
  • 3175

Оралда су тасқынының алдын-алу жұмыстары жүріп жатыр. Шахар аумағы мен қала маңындағы көшелерді толықтай қардан тазарту қолға алынған. Бір күннің ішінде Орал қаласынан 206 мың текше метрден астам қар шығарылды. Бұл іске әсіресе кәсіпкерлер жұмылдырылған. Ал өзіне қарасты аймақты тазартпаған азаматтар 2 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалайды.

Оралда су тасқыны қаупі әлі де сейілмей тұр. Өйткені қала маңындағы кейбір елді мекендер ойпат жерде орналасқан. Ал еріген қар суы алдымен сонда ағады. 50 мыңға тарта тұрғыны бар Зашаған кенті де солардың қатарында.

Әділбек Қадыров, Зашаған кенті округінің әкімі:

Судың арнасын басқа жаққа бұру үшін арықтарды тазалап жатырмыз. Бір ғана Зашаған кентіндегі арықтардың ұзындығы 21 шақырымға жуық. Оларды жазда ағаш пен қоқыстан, қыста қардан тазартамыз. Сонда ғана еріген су төменге ағады.

Қаланы қардан тазалаушы мекемелерге еріктілер де көмекке келген. Ал өздеріне қарасты аумақты таза ұстамаған кәсіпкерлерге 2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Данияр Рақышев, Орал қалалық ЖПҚ бөлімшесінің бастығы:

Қала әкімдігі кәсіпкерлерге ескерту жасады. Егер олар өз аумағын қардан тазаламаса, 100 АЕК дейін айыппұл салынады. Күні бүгін 300 мың теңгеге 8 әкімшілік хаттама толтырылды.

Жол пайдалану кәсіпорнының 300-дей қызметкері мен 100 шақты техникасы шахар көшелеріндегі қарды тәулік бойы тазартуға кіріскен. Қала сыртындағы қалың қардан да қауіп бар. Қазір Оралдағы коммуналдық қызмет күндіз-түні жұмыс істеуге көшкен. Қала іргесіндегі саяжай тұрғындарына ескерту қағаздары таратылды. Оларға су басқан жағдайда не істеу керектігі ескертілген.

Еркін Карин, тілші:

Ауа райын болжаушылардың дерегінше, наурыздың соңында ғана күн жылынады. Оған дейін коммуналдық қызмет қар қалың түскен аумақтарды тазартып, мұз ою жұмыстарын жүргізбек.

Еркін КАРИН