Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінде 4 сотталушы уланып қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2018
  • 2722

Қостанай облысындағы түрмелердің бірінде жазасын өтеп жатқан 4 адам органикалық сұйықтықтан уланып көз жұмды. Тағы алтауын дәрігерлер ажалдан аман алып қалды. Төтенше оқиға Құсмұрын кентіндегі УК-161/4 мекемесінде болған. Бір топ сотталушы өндірістік алаңда спирттік негіздегі химиялық өнімді ішкен. 

Дамир Махметов, Қостанай облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бөлім басшысы:

Біреуі мекемеде қайтыс болды. Тағы бір адам Құсмұрын кентіндегі ауруханада қайтыс болды. Ал екеуі осы Қостанай облыстық ауруханасында  көз жұмды. Оларды Әулиекөл аудандық ауруханасынан облыс орталығына реанимобильмен жеткізген болатын.

Департамент өкілдері оқиғаның қарсылық акцияларына қатысы жоғын айтты. Аудандық ішкі істер бөлімі сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті қызметтік тексеріс жүріп жатқанын хабарлады. Дәрігерлер аман қалған алты адамның жағдайы қалыпты деп отыр. Олар колонияға қайта оралмақ.

Заңғар САНАЙ