Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда диабетке шалдыққан балалар дәріден тарығып отыр

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2018
  • 2122

Оралда диабетке шалдыққан балалар дәріден тарығып отыр. Ата-аналардың айтуынша, инсулин мен өзге де препараттар желтоқсан айынан бері жоқ. Егер дәрі жетпесе, ауруы өршіген жеткіншектер комаға түсуі де мүмкін. Тұрғындар денсаулық сақтау басқармасына келіп, мәселені шешуін талап етті.

Еркін Карин, тілші:

Балалары қант диабетімен ауыратын ата-аналардың сөзінше, қажетті дәрі соңғы үш айдан бері жоқ. Өзге қалалардан алдырып, бір-бірінен сұрап, амалдап келеді. Бірақ оның өзі таусылуға жақын. Енді олар кімнен көмек сұрарын білмей отыр.

Төрт жасар қызы қант диабетіне шалдыққан Ахмет дәрігерлерге жақын болу мақсатында ауылды тастап қалаға көшіп келеді. Бірақ қажет дәрі мұнда да жоқ. Екі айдан бері тиісті препаратты таппай жүр.

Ахмет Хатин, Орал қаласының тұрғыны:

Тегін берілетін дәрі деп айтты. Барамыз, то жоқ дейді, ана аптекаға барамыз - жоқ дейді, то Ақтөбеге барамыз, қараймыз, жоқ дейді. Қазір біздер жұрттардан сұрап-сұрап алып жатырмыз. Барларың көмекке бере тұрыңдар, 

Ашуға мінген ата-аналар облыстық денсаулық сақтау басқармасына барған. Бірақ  ішке өте алмай, біраз аңтарылды.

Жанар Бақтыгереева, Орал қаласының тұрғыны:

Глюкометріміз жоқ біздің, сатып алғанбыз. Тест-полоскаларын да сатып алып жатырмыз. Бірақ аптекалардан таба алмай қалып жатырмыз. 

Облыстық денсаулық сақтау департаменті өкілдерінің сөзінше, дәрі қоры жеткілікті көрінеді. Бірақ неге уақытылы берілмей жатқанын бірден түсіндіріп бере алмады.

Гүлнар Әбдірахманова, БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Дәрі биылға да жететін еді, бірақ жыл соңында денсаулық сақтау министрлігінің талабымен барлығы алынып тасталды. Енді осы аптада немесе сәуір айында қажет материалдар жеткізілуі керек. Тест жолақшалары бізде бар. Жергілікті емханамен келіссөз жүргізіп, бәріңізді қамтамасыз етуге тырысамыз.

Басқарма өкілдері дәрінің тегін берілетінін айтып сендірді. Бүгінде Оралда қант диабетімен ауыратын 75 бүлдіршін есепке алыныпты.

Еркін Карин, тілші:

Жалпы бұл жағдай Орал үшін таңсық емес. Ақпан айында онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар да дәріден тарықты. Денсаулық сақтау басқармасы 343 миллион теңгеге 22 түрлі ауруға қарсы қолданылар дәрі сатып алғанымен, жағдай әлі өзгермепті.

Еркін Карин