Русский Сайттың толық нұсқасы

Теңгеге сенім артты - Сарапшылар

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2018
  • 3230

Теңге соңғы айларда өз позициясын біршама күшейтті. Өткен 5 айда теңгенің бағамы АҚШ ақшасына шаққанда 6,1 пайызға нығайған. Бірақ мамандар халықтың долларға деген сұранысы азаймайды деп отыр. Есесіне банктерде жинақты ұлттық валютада ұстау үлесі ұлғайып келеді.  Қаржы нарығындағы теңгенің рөлі туралы Ришат Асқарбекұлы айтады. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Жыл басынан бері теңге біраз нығайды. Ал АҚШ доллары соңғы бірнеше айда 6 пайызға дейін арзандаған. Оған бірнеше себеп бар. Ең негізгі фактор - әлемдік мұнай бағасының көтерілуі. Brent маркалы мұнайдың құны соңғы 5 айда 14,3 пайызға өскен. Мұнай-газ саласындағы шетелдік компаниялар жыл соңында салықты доллармен төлейді. Одан соң доллар айналымы артып, теңгеге деген сұраныс туады, дейді мамандар.

Аршын Ғалымбаев, Қазақстан қаржы айырбастау орындары қауымдастығының президенті:

Халықтың АҚШ долларын сатып алуы ай сайын азайып келеді. Желтоқсанда долларды халық 400 млрд теңгеге сатып алса, қаңтарда 108 млрд теңге, ал ақпанда 68 млрд теңгеге ғана сатып алған. Мұны біз маусымдық фактор деп ойлаймыз. 

Есесіне жинақты долларда емес, теңгеде сақтау да біршама артып кеткен.

В валюте держать неудобно. Они вообще в банках не идут проценты в долларах и в евро. И они вообще просто лежат мертвым грузом.

Бірқалыпты деңгейде тұрған жоқ қазір. Сондықтан өзіміздің теңгеде сақтаған дұрыс деп ойлаймын.

Шетелдік валютамен депозит ашатындар кемігенін екінші деңгейлі банктер де растады. 1 наурызында "Халық банкінде" оның мөлшері 68 пайызға дейін түскен.

Светлана Қайырбекова, «Халық Банкі» АҚ қызмет көрсету және сату басқармасының басшысы:

Біздің банкте теңге салымы 5 пайызға артты. Өткен жылдың соңына қарағанда бүгінде теңге депозиттерінің үлесі 28 пайыздан 33 пайызға артып отыр. Бұған теңгенің тұрақтылығы әрі нығаюы әсер етіп отыр.

Айдархан Құсайынов, экономист:

Елде долларсыздандыру саясаты, ақырындап болса да, жүріп жатыр. Теңгелік депозиттердің пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуы, жылжымайтын мүлік пен автомобильді саудалауда ұлттық валютамен есеп айырысу да өз ықпалын тигізді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

«Ратель» ақпараттық порталының дерегінше, соңғы 5 айда депозиттердің шетелдік валютадағы үлесі 131 млрд теңгеге кеміген. Бірақ мамандар жыл басы өліара кезең, сондықтан уақытша құбылыс болуы мүмкін деп отыр. Демек кез-келген тәуекелге дайын болу қажеттігін ескертеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ