Русский Сайттың толық нұсқасы

БжҒМ елдегі барлық оқу орындарының өрт қауіпсіздік жүйесін тексерістен өткізеді

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2018
  • 4605

Кемероводағы қайғылы жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Бүгін премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осылай деді. Алдағы уақытта сауда ойын-сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігін тексеру күшейтілмек. Мұны Төтенше жағдай комитетінің төрағасы айтты. Кісі қарасы көп шоғырланатын жерлерде өрт қауіпсіздігі сақталған ба? Дәуренбек Бақдәулетұлы зерделеп көрді.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Кемероводағы жантүршігерлік оқиға бүгін үкімет отырысында да сөз болды. Бұл қайғылы жағдай бізге де сабақ болуы тиіс. Осылай деген Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрлігі мен жергілікті әкімдіктерге кісі қарасы қалың болатын жерлердегі өрт қауіпсіздігін тексеруді тапсырды. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Бізде бұл төтенше жағдайдан сабақ алумыз тиіс. Блогерлар өз бастамасы бойынша сауда орталықтарына барып, апатты есіктердің ашық не жабық екенін тексермек. Сол себепті ІІМ мен өртке қарсы қызмет әкімдікпен бірлесіп, сауда орталықтарында тексеру өткізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет.

Бүгін елдегі 18 мыңнан астам оқу орнының өртке қарсы жүйесі жіті тексерілетіні белгілі болды.

Зейнеп Мақсұтова, ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейін және орта білім беру департаменті директорының орынбасары:

Кемеров облысындағы апаттық жағдайға байланысты Білім және ғылым министрлігі барлық оқу мекемесінде өртке қарсы қауіпсіздік жүйелерін тексеруді сұрады.

Қазақ агротехникалық университеті студенттері тиісті дабылдан соң бірден қауіпсіз жерге ағылған сәт. Оқу орынында қауіпсіздікті күшейту үшін енді осындай оқу-жаттығу жиілемек.

Владимир Витвицкий, ҚазАТУ басқарма төрағасының орынбасары:

Бүгін бізде арнайы жиналыс өтті. Енді оқу-жаттығу жұмыстарын жылына екі мәрте өткіземіз. Қауіпсіздік шараларына енді бұрынғыдан да зор көңіл бөлінбек. 11,5 мың студенті бар біздің оқу орын үшін бұл өте маңызды.

Бексұлтанәли Рахымбаев, Астана қаласы ТЖД өрт бақылау бөлімінің инженері:

Қауіпсіз түрде шығу жолдары көрсетілген шығу жоспары болады. Осы сызба жоспары бойынша адамдардың сыртқа шығу жоспары көрсетіледі. Сонымен қатар іс-әрекеттері жазылған.

Астана қаласы әкімінің хабарлауынша, қазір ТЖД аса қауіпті деп бақылауға алған 117 нысан бар. Оның 83-і сауда үйі, 9-ы сауда ойын-сауық орталығы, 25 базар. Былтыр қаладағы 9 ойын-сауық орталығының 6-уы тексерістен өтсе, оның үшеуінен 32 ереже бұзушылық анықталған. Биыл Астанадағы 50-ге жуық объект тексерілмек.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Алдағы уақытта сауда ойын-сауық орталықтарында өртке қарсы талаптар күшейтілмек. Бүгін Үкімет қабырғасында тілшілер сауалына жауап берген төтенше жағдай комитетінің төрағасы Владимир Беккер осылай деді. Министрлік қазір арнайы заң жобасын әзірлеп жатқан көрінеді. Өйткені бизнес өкілдері де жауапкершілікті сезініп, қауіпсіздікті тасада қалдырмауы тиіс деп отыр.