Русский Сайттың толық нұсқасы

Байқоңырдағы ХҚКО екі күннен бері халықтың қарасы қалың

  • AstanaTV
  • 29 наурыз 2018
  • 3311

Байқоңырдағы халыққа қызмет көрсету орталығында айқай-шу. Осында тұратын жүздеген Қазақстан азаматтары жеке табыс салығын 31-науырызға дейін өткіземіз деп, екі күнен бері жанталасып жатыр. Үлгермегендерге 500 мың теңгеге дейін айыппұл салынады деген ақпарат әлеуметтік желі арқылы тараған. Заңгер Марат Дәулетбаевтың айтуынша, Байқоңырдағы ресейлік кәсіпорындарда жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны 15 мыңнан асады.

Марат Дәулетбаев, заңгер, Байқоңыр қаласының тұрғыны:

Күні кеше, мысалы, осы халыққа қызмет көрсету орталығының кішкентай ғимаратында 800 адам тығылысты. Жеті салық қызметкері отыр, бірақ ешқайсысы түсіндеру жұмыстарын өткізбейді. Ол салықтың қандай түрі, не үшін. Жұрттың зәресін алған мынау "декларацияны дер кезінде өткізбесең, 500 мың теңге айыппұл төлейсің" деген таралып жатқан хабарламалар. Сондықтан барлығы дүрлігіп, төбелесуге дайын.

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, Байқоңырдағылардың дүрлігуіне негіз жоқ, деді. Өйткені жеке табыс салығы елден тыс жерде табысы бар немесе шетелдік банк есеп-шоттарында қомақты қаражат сақтаған қазақстандық азаматтар тапсырады. Ал Байқонырдағы ресейлік кәсіпорында нәпақа тауып жүрген отандастарымыз өз жерінде еңбек етіп жүргенін еске салды. Сондай-ақ, 31-ші наурызға дейін үлгермей қалған жағдайда салық декларациясын тапсыру мерзімін тағы 30 күнге дейін ұзартуға мүмкіндігі бар екенін айтты. Белгіленген мерзімде декларациясын өткізбеген жағдайда немесе мәліметтерді дұрыс толтырмаса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын жеткізді. Мұны жұртқа түсіндіру үшін облыс орталығынан Байқоңырға жұмыс тобы жолға шыққан.

Бақыт Орданова, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

Біздің Қазақстан Республикасының азаматтары Байқоңыр қаласында тұрады, Байқоңыр қаласында орналасқан Ресей Федерациясының түрлі кәсіпорындарында, ұйымдарында жұмыс жасайды. Бұл кісілер 240 нысан декларацияны тапсырмайды. Олардын иелігінде Ресей Федерациясының төңірегінде, Қазақстаннан тыс жерде орналасқан меншікті мүлкі болса, Ресей Федерациясында орналасқан кәсіпорындар мен мекемелерде олар жұмыс жасайтын болса, сол тұлғалар осы 240-шы нысанды тапсырады.