Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда 77 мың студентке жатақхана қажет - Мәжіліс депутаттары

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2018
  • 2651

Қазақстанда 77 мың студентке жатақханадан орын керек. Оның 3-тен 1-і Алматыда. Бұл туралы бүгін студенттер үйіндегі жағдаймен танысқан мәжілісмендер айтты. Депутаттар алдымен техникалық білім ошақтарында болды. Мұндағы 5 жатақхана 1953-ші жылы салыныпты. Енді биыл 6 500 студентке арнап қалашық салу қолға алынбақ.  Аграрлық университеттегі жағдай да осыған ұқсас. Оқу орнындағы 10 мыңға жуық студенттің 40 пайызы ғана жатақханамен қамтылған. Жарты ғасырдан артық қызмет еткен ғимараттарды енді жаңасына ауыстыру көзделіп отыр. 

Гүлмира Исімбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, "Нұр Отан" фракциясының төрайымы:

Осы жылдың екінші жартысынан бастап жатақхана салуға кірісіп кетуге болады, екеуінде де жер бар. Екеуінде де барлық техникалық құжаттамасы бар. Тек жатақхана салу, қазір барлық тиісті құжаттарды дайындап, оның ішінде заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Оны Парламентте тиісті заңдарға өзгерістер енгізіп, біз қабылдаймыз. Оны сосын ары қарай тек қана орындау керек болады. 

Президент 5 әлеуметтік бастамасында осы мәселені көтерген болатын. Сондай-ақ, аталған жобадағы бастамалар Ақтөбе облысына жұмыс сапармен барған депутаттар халыққа түсіндірді. Олар Хромтау ауданындағы Ақжар, Көктау елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Одан соң Ақтөбе мыс компаниясының ұжымымен де кездесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Қызметкерлерді әсіресе баспана мәселесі толғандырады екен. Мәжілісмен Шавхат Өтемісов қазір ауыл тұрғындарына арналған жаңа бағдарлама әзірленіп жатқанын жеткізді. Ол бағдарламаға қазірдің өзінде тұрғындардың қызығушылығы зор көрінеді. 

Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Мысалы, 7 миллон теңге несие алатын болса, айлық төлемақысы 50 мың теңге. Егер 10 миллион теңге алатын болса, 70 000 теңге. Салыстырмалы түрде қарасақ, өте үлкен жеңілдіктер бар. Бұл президенттің бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық банктің жасаған жобасы. Негізгі шешім үстіміздегі мамыр айында қабылданады. Ұлттық банкте, Үкіметте талқыланып, содан кейін іске асырылатын болады.