Русский Сайттың толық нұсқасы

Ердоған Нетаньяхуды "басқыншы, лаңкес" деп атады

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2018
  • 2838

"Лаңкес" және "лаңкестің мемлекеті". Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израиль елі мен премьер-министр Биньямин Нетаньяху туралы осылай деді. Рейтерстің хабарлауынша, оның бұлай қатты кетуіне себеп те жоқ емес. Израиль мен Газа секторы шекарасындағы қақтығыстан 17 палестиналық қаза тапқан еді. Еске салайық, өткен жұма күні мыңдаған палестиналықтар наразылық шеруіне шықты. Босқындардың туған еліне оралуын талап етті. Олардың бірі әскерилер жаққа қарай тас пен жанармай құйылған бөтелке лақтырады. Күштік құрылымдар шеруді тоқтатуға әрекеттенген. Салдарынан 17 адам ажал құшып, тағы 70 шақтысы жараланды. Осыдан соң Палестина президенті Махмұд Аббас Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын шақыруды талап етті. 

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Нетаньяху, сен де, елің де басқыншысыңдар! Бұл жерді басқыншы ретінде иеленіп отырсыңдар. Мұнымен қоймай, лаңкессіңдер! Себебі сенің елің - террористік мемлекет. Израиль әскерінің аса қатігез екенін әлемдік қауымдастық жақсы біледі. Бұл террористік елдің әрекетін Газа мен Иерусалимдегі ахуалға қарап аңғарамыз.

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху: "Солтүстік Кипрды басып алып, Африндегі бейбіт тұрғындарды жаншып жатқан Түркия ешкімге ақыл үйретпесін", - деді. Бұл жөнінде саясаткер өзінің  Фэйсбуктегі парақшасында жазды.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА