Шығыс Қазақстанда тағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланды. Зырянда тұрғындар мен құтқарушылардың қызылсумен күресіп жатқанына екінші тәулік. Мамандардың дерегінше, Бұқтырма су қоймасында судың деңгейі 7 метрге дейін көтерілген. Бірнеше ауыл тасқынға тап болып, Зырян қаласының бір бөлігі су астында қалды.
Бұқтырмада мұз кептеліп, ірілі-ұсақты өзендер арнасынан асты. 9 ауылды су басты. Ал Зырян қаласындағы үш көшеде судан үйлердің тек шатыры ғана көрінеді. ТЖД дерегінше, ауданда 400-ден астам үй мен 200-ге тарта аулаға су кірген. 800-дей адам эвакуацияланды.
Бұқтырма өзенінің дәл осындай мінез танытқаны көнекөздердің есінде жоқ. Аяқ астынан тұтас бір көше суға кетіп, тұрғындар дүние-мүлкін шығара алмады. Тұрғын үйлермен бірге насос стансасы да су астында қалды. Кейін өрт сөндірушілердің көмегімен су сорылды. Қазір қаладағы суқойма бөгетін бекіту жұмыстары жүргізілуде. Қолда бар күшті тасқынға қарсы жұмылдырған шенеуніктер жойқын судың қайтадан келуі мүмкін екендігін айтып отыр.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Жүк түсіріп, артатын ауыр техника, экскаватор, инертті материалдардың қоры мен қиыршақ тас тағы басқаларының қаншасы бар? Бұлардың барлығы нақты келісіліп, тіркелген бе? Зырян ауданында инертті материалдың орташа құны анықталды. Барлық қажетті процедураларды дайындау керек. Қажет болған жағдайда мұның барлығы жұмыс істеуі тиіс.
Табиғи сипаттағы ТЖ жарияланған Семейде арнайы комиссия жағдайды әуеден барлап жатыр. Күн өткен сайын су басқан аймақтардың аумағы ұлғайған. Қорадағы малын түгендеген тұрғындар эвакуацияға әзірленіп жатыр. Санаулы күнде адамдар өздерінің табиғаттың дүлей күші алдында дәрменсіздігін сезініп үлгерген.
Марина Попова, Семей қаласының тұрғыны:
Өзенмен аққан сеңнің жылдамдығы жоғары болды. Сосын бәсеңдеп қалды. Сол кезде өзен арнасында мұз кептеліп қалғанын түсіндік.
Тасқынға тап болған Глубокое ауданында бүлінген үйлер қайта қалпына келтіріліп жатыр. Жойқын судың жаңа шабуылына дайындық белсенді жүруде. Қазір құтқарушылар да, арнайы құралдар да сақадай сай.
Виктор Ганович, ШҚО ТЖД құтқарушысы:
«Құм салынған қапшықтарды толтырып, күл тасып жатырмыз. Мотопомпалар да жеткізілді. Сарбаздар көмектесіп, жұмылып жатыр.
Рауан Жанпеисов, ТЖ штабының жетекшісі, «Прогресс» ауылы:
Тиегіш техникаға алдымен жол салынды. Сосын экскаваторлардың көмегімен дамбаны бекітіп, биіктетіп жатырмыз.
Дегенмен
өңірде күн суытып, мұздың еру қарқыны бәсеңдеді. Бірақ мамандардың мәліметінше,
тау басындағы қардың еритін күні алыс емес. Қардың ылғалы мол екенін ескерсек,
аймақта тасқынның екінші толқыны болады деген қауіп бар.