Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада бал биі шеберлерінің халықаралық турнирі өтті

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2018
  • 5621

Қызылордада бал биі шеберлерінің халықаралық турнирі өтті. Оған Қазақстаннан және әлемнің бірнеше мемлекетінен 500 жұп келді.

Небәрі 4 жастағы балғындардың өнері көпшілікті бей-жай қалдырмады. Залда отырғандар кішкентай өнерпаздардың шеберлігіне тәнті болды. Жарыс жолына шыққандар арасында әйгілі бишілермен бірге, бұл  өнерге енді ден қойған балалар да бар. Әсемдік, сымбаттылық, батылдық, қатысушылардың киімі де төрешілердің жіті назарында болды. Қадам мен әуеннің үйлесімі де бақылауда. Жергілікті бишілерден бөлек, өзге мемлекеттерден әлем және Еуропа чемпиондары жиналған.

Игорь Ким,  ҚР Ұлттық би кеңесінің президенті :

Мысалы, Украинадан келген бишілер - өткен жылдың вице-чемпиондары. Ал, Ресейден келген жұп - Еуропа чемпионатының үштігіне кірген. Беларусь елінен әлем кубогының иегерлері келді. Біздің қатысушылар үшін олармен қатар өнер көрсету, жарысқа түсу өте маңызды. Өздерінің деңгейін көтеруіне, кәсіби тұрғыда өскенін байқату үшін үлкен мүмкіншілік.

Қатысушылар бал биінің бірнеше түрінен бақ сынады. Олардың арасында көптің сүйіктісіне айналған әсерлі танго, бас айналдырар вальс пен жылдам би түрлері де бар.

Анна Навойчук, би жарысына қатысушы, Беларусь Республикасы:

Біз Қазақстанға келуге асығамыз. Мұндағы адамдар, олардың өнерге деген сүйіспеншілігі, тіпті қонақжайлығы ұнайды.

Мадина Болат, би жарысына қатысушы, Қазақстан Республикасы:

Мен бірінші орынға ие болдым. Қашан сахнаға шықсам да, өзімді алғаш рет билегендей сезінемін. 

Қатысушылар таңғы сағат 9-дан кеш батқанша өнер көрсетті. Көпшілік бір күнде 500 жұптың әсем биін тамашалады. Олардың барлығы да сый-сияпатсыз қалмады. Турнирде өнер көрсеткен бишілер арнайы медальдармен, дипломдармен марапатталды. Ал, көрермен ұзаққа дейін ұмытылмас әсерге бөленді. 

Шарипа САҚТАПОВА