Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте 24 жастағы жігіт өз туғандарын пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді

  • AstanaTV
  • 04 сәуір 2018
  • 3188

Шымкентте 24 жастағы жігіт анасы мен нағашы атасын пышақтап тастады. Қарт кісі мен әйел адамның денесі өз үйінде табылған. Ішкі істер департаментінің өкілдері жариялаған ақпаратқа сай, күдікті қылмысын мойындап отыр. Жас жігітті мұндай жауыздыққа итермелеген не?  Мән-жайды әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Қанды оқиға мына менің артымдағы үйде болған. Көріп тұрғанымыздай, күдіктіні онда арнайы көлікпен алып келген полицейлер қазір жұмыс істеп жатыр. Сол себепті тілшілерді жақындатып жатқан жоқ.

Қанды қылмыс 3-сәуір күні тапа тал түсте болған. Полицияға оқыс оқиға туралы жергілікті азаматтар хабарлапты. Күдікті бір тәуліктің ішінде қолға түсті. Көршілердің айтуынша, бұл отбасының мұнда көшіп келгеніне көп бола қоймапты. 

Петр Кревцов, көршісі:

Күдіктіні полицейлер көрші Аликтің үйінен алып шығып бара жатқанын өз көзіммен көрдім. Іш киіммен ғана болды, үстінің бәрі қанға ұқсайды. Өзі мойындаған деп жатыр. 

Бұл отбасы өткен жазда сатып алған баспанасына ұзақ уақыт бойы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, күзде ғана кірген екен. Үйде 24 жастағы күдікті мен оның 45 жастағы анасы екеуі ғана тұрған. Көрші қолаң бұған дейін үй иелерінің ешбір оғаш қылығын байқамапты

Сара Әйтімбетова, көршісі:

Атасы жетпістерде еді. Ал мамасы сол қырықтан асқан, жалпақтап қалған жап-жақсы келіншек еді. Баласы да осы сәлемі түзу, әп-әдемі бала. Енді  бір шайтан қалау болған шығар... 21-не келін аламыз деп отыр екен, сол соны ақылдасайын деп келген бе, шал кепті ғой.

Ішкі істер қызметіндегілер зорлық-зомбылықпен өлтірілген әйелдің ұлы күдікті ретінде ұсталғанын растады. Жасаған қылмысын да мойындап отыр деп хабарлады.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД ресми өкілі:

Қазіргі таңда ҚР ҚК «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Себебі бәрі сотқа дейін тергеу амалдары барысында анық-қанығы белгілі болады.

Құқық қорғаушылар бұдан өзге ақпарат таратпады. 24 жастағы жігіттің өз анасы мен атасын пышақтап өлтіруіне не себеп болғаны тергеу шараларына соң белгілі болмақ. Бұл - жыл басынан бері аймақта тіркелген аса ауыр қылмыстардың алғашқысы емес. Жуырда ғана Ордабасы ауданында жас жігіт анасы мен әйелін пышақтап өлтірген болатын.

Айзада Төребекқызы