Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда ПИК қызметіне берешегі бар тұрғындарға енді несие рәсімдеу қиынға соқпақ

  • AstanaTV
  • 04 сәуір 2018
  • 2545

Қарызды өндірудің алматылық тәсілі. ПИК қызметіне ақы төлемей жүргендер енді банктен несие ала алмауы мүмкін. Себебі ай сайынғы төлемнен қашқан тұрғындар туралы мәлімет орталық базаға енгізіледі. Жергілікті билік осылайша берешегіне бей-жай қарайтын жандармен күресуді қолға алып отыр. Тұрғын үй басқармасы мен Бірінші кредиттік бюро арасында меморандумға қол қойылған. Жаңа әдістің тиімділігі қандай? Олжас Нұржақып білуге тырысты.

Ерлан Бисенбаев 8 жылдан бері "Самал" пәтер иелері кооперативінің төрағасы қызметін атқарып келеді. 41 үйге жауапты. Оның айтуынша, тұрғындардың көпшілігі уақытында төлейді, дегенмен арасында 100-ден аса тұрғынның қарызы қордаланған. Олармен күресу оңай емес деп отыр.

Ерлан Бисенбаев, «Самал» ПИК төрағасы:

Өткен жылы менің қарауымдағы үйлердің қарызын қайтаруға сот көмегін тигізді. Борышкерлердің есеп-шоттарын бұғаттап, шетелге шығуға тиым салды. Араға апта салып бірінен кейін бірі келе бастады. Демек олардың ақшасы жоқ емес. Әрине, банктегі базаға өткізудің де тиімді тұсы бар шығар. Бірақ бәрі бірдей кредит ала бермейді ғой.

ПИК қызметіне ақы төлеуге селқос қарайтындарға енді тек сот орындаушылары ғана келмейді. Олардың ниесе алуына да кедергілер болмақ. Ондай тізімді жинаумен бірінші кредиттік бюро мамандары айналыспақ.

Әсем Нұрғалиева, «Бірінші Кредиттік Бюро» ЖШС кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің директоры:

Біздің ұйым коммуналдық қызметке қарызы бар азаматтардың тізімін банктерге берумен ғана шектеледі. Ол жерде белгілі бір сома жоқ. Кез-келген қарыз тұрғынның кредиттік тарихына әсер ететіні сөзсіз. Несие алуға барғаныңызда сол кемшіліктер ескеріледі. Төлеу мүмкіндігін толық сүзіп шыққан соң, банктер несиеге қатысты түбегейлі шешімді өздері шығарады. 

Жергілікті биліктің жаңа тәсілге көшуінің себебі де бар. Олардың дерегінше, бүгінде мегополисте 8 мыңнан аса көпқабатты тұрғын үй бар болса, оның тең жартысы ескірген. Мұнымен қоса тұрғындардың 70 пайызы коммуналдық қарызын төлеуге асықпайды.

Әнуар Өскенбаев, Алматы қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының  басшысы:

Коммуналдық қызметтен түскен қаржы әбден тозығы жеткен жүйелерді жамап-жасқауға жұмсалады. Бірақ көптеген тұрғындар берешегін беруге асықпайды. Сондықтан бірінші кредиттік бюромен меморандумға қол қойдық. Енді олар төлемнен қашқандар тізімін банктердің ортақ базасына береді.

Олжас Нұржақып, тілші:

Мамандар берешектен жалтарып жүрген тұрғындарға ПИК төрағасына жолығып, қызмет ақысын төлеуге кеңес береді. Өйтпеген жағдайда несие алу проблемаға айналмақ.