Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда қалалық перзентхана жабылмақ

  • AstanaTV
  • 04 сәуір 2018
  • 3620

Қызылжарда қалалық перзентхана жабылмақ. Дәрігерлер босану үйіне келушілер аз дейді. Одан бөлек кадр жетіспеушілігі тағы бар. Мекеме басшылығы жыл сайын миллиондаған қаражат желге ұшатынын айтады. Шаһар перзентханасы жабылса, болашақ аналар қайда барып босанбақ? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин мәселе мәнісін зерттеп көрді.

Қаладағы №3 ауруханаға тиесілі перзентхана 20 адамға шақталған. Мұнда денсаулығында ақауы жоқ аналар босанады. Алайда, соңғы уақытта дені сау әйелдердің қатары сиреген. Жылына 3 мың жүкті әйелді қабылдайтын мекемеге келушілер аз. 

Дәуренбек Бейсембаев, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Былтыр қалалық перзентханаға 106 миллион теңге жұмсалды. Алайда, біз оның 84 миллионын ғана қайтардық. Шамамен 19 миллион теңге желге ұшты. Кереуеттер бос жатқанша, оны кәдеге жаратқан жөн.

Кадр тапшылығы да жоқ емес. Маман жетіспегендіктен, облыстық перинаталдық орталықтың тәжірибелі дәрігерлері бос уақытында қалалық перзентханаға келіп, жүкті әйелдерді босандырады екен. Аналардың өзі де көп жағдайда облыстық перинаталдық орталықты таңдайды екен. Себебі онда заманауи қондырғылар орнатылған.

Арайлым Аңдағұлова, Петропавл тұрғыны:

Бламның салмағы 3,590 кг болып туды. 52 см. Барлығы ойдағыдай өтті. Дәрігерлер жиі келеді, барлығын сұрайды. Қалай тамақтанады, ұйықтай ма, жыламайды ма? Жыласа, келіп сұрайды. Бірінші бала. Әлі үйренбегенбіз. Барлығын сұрап-сұрап аламыз.

Денсаулық сақтау басқармасы мамыр айынан бастап қалалық перзентхананы жауып, келушілерді облыстық перинаталдық орталыққа ауыстырмақ. Осындағы 14 маман да жаңа мекемеге өтеді деп жоспарланған.

Жанна Мауытова, Облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері:

Облыстағы жүкті әйелдердің 62 пайызы перинаталдық орталықта босанады. Бізде күніне 12-14 бала туады. Екі аурухана біріктірілген соң, бала саны шамамен 18-ге дейін өспек. Қалалық перзентханадан 14 маман келсе, штат та толығады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Айта кету керек, Қызылжар өңірі бала туу көрсеткіші бойынша елімізде соңғы орында келеді. Былтыр облыста 8 мыңға жуық сәби дүниеге келген. Теріскейліктер бірнеше жылдан бері осы межеден аса алмай отыр. Жалпы, мамыр айының басында қалалық перзентхана жабылған соң, мекемеде  жетекшілігі босаған корпуста оңалту орталығын ашпақ. Ауруханада қазір жарақат алғандар сыймай жатқан көрінеді.

А.ҚҰРМАНКИН