Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ Ресейге жаңа санкция енгізбек

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2018
  • 2621

АҚШ Ресейге жаңа санкция енгізбек. Бүгін Ақ үй Владимир Путинмен байланысы бар бай-манаптарға санкция жариялайтынын мәлімдеді. Бұл туралы The Washington Post хабарлады. Әзірге тізімде кім бар екені белгісіз. Америка билігі оны осы аптаның аяғында жарияламақ.  Оған Мәскеудің 2016 жылғы президент сайлауына "араласуын" желеу етіп отыр. Ал ресейлік экс-тыңшы Сергей Скрипальдың белгісіз газдан улануы екі ел қарым-қатынасын одан бетер салқындатты. Бүгін Ұлыбритания арнайы қызметі "Новичок" газы өндірілген ресейлік зертхананың орналасқан жерін анықтағанын хабарлады. Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның атқарушы кеңесі Ресейдің бірлескен зерттеуге қатысуына рұқсат бермеген. Бірақ Скрипальдың улануына өзін кінәлі санамайтын Ресей тарапы әділдік орнайтынына сенеді.

Владимир Путин, РФ президенті:

Біз ештеңе күтпейміз, біз ақырында парасатты шешім жеңіп шығатынын күтеміз. Және соңғы кезде байқалған халықаралық қарым-қатынастарға соншалықты шығын келмейді деп ойлаймыз. Бұл тек Скрипаль ісіне ғана емес, барлық халықаралық қарым-қатынастың көрінісіне қатысты. 

Халықаралық сарапшылардың ақпаратынша, "Новичок" газына ұқсас зат 20 елде шығарылуы мүмкін. Сарапшылар жұмысы келер аптада белгілі болады. Ол кезде шұғыл жиын өтуі де ықтимал. Ал бұл іске қатысты дипломатиялық санкция орындала бастады. Бүгін елшілікте қызмет еткен америкалықтар отбасыларымен Ресейден ұшып кетті.