Русский Сайттың толық нұсқасы

Тараз тұрғындары ескі бейіт орнына аурухана салуға наразы

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2018
  • 3933

Қабір үстіндегі құрылыс. Тараздың іргесіндегі бір кезде мәйіт жерленген аумақта аурухана салу ісі қолға алынған. Бейіт басындағы құрылысты бассыздық деген бұқара оның тоқтатылуын талап етті. Данияр Әлімқұлдың репортажы.

Адам сүйегі шашылған мына жерде құрылыс қарқынды. Тұрғандар медициналық амбулатория салынып жатыр дейді. Ауыл халқы "әруақты қорлады" дейді. Адам қаңқалары аяқ асты болған аумақ 6 гектарды құрайды.

Қуандық Жолдасов, экскаваторшы:

Кеше осы жерді қазып жатқанда адамның басы, аяқтары қолдары шығып. Бес бас шықты. Оны молаға апарып матаға орап көмді. Бас шығып жатыр, бас шығып жатыр. Қаншасы Камазбен кетті. Білінбейді ғой ол. Ковшы деген үлкен. 

Мәдіхан Өтепбергенов, Қызыл шарық ауылының тұрғыны:

Бұл жерге медпункт соғайын деген мақсаттарын түсінбедім. Бейіттің іші, үсті бір. Екіншіден, мына бейіттен 100 метр қашықтықта. Әрі ыңғайсыз. Бұрынғы қорымның белгілері мазарлары әлі тұр екен. Сол жерге қалай ойланбай салады халықпен санаспай? 

Қарасай Кәрімов, Бектөбе ауылының тұрғыны:

Сүйек шыққаннан кейін сүйектің орнында неше түрлі ауру болуы мүмкін. Ертең медпункт болғаннан кейін ол жұғып, таралуы да мүмкін. Сондықтан халық қорқады, бұл жерге келмейді.

Бұл дау қыста басталған. Сол кезде жұрттың наразылығынан соң, ақжағалылар бірауыздан басқа жер бөлетін болған. Бірақ екі айдан кейін емхана құрылысы қайта қарқын алды дейді ауыл халқы. Ал, жергілікті атқамінер құрылыстың қалай басалғанын өзіміз де аңғармай қалдық деп ақталды.

Асхат Шаршаев, Қаратау ауылдық округі әкімінің орынбасары:

Басында бұл жұмыс тоқтап тұрған. Тоқтағанға біз келесі жылы жалғасын таба ма деп ойлағанбыз. Кейін қайтадан жалғасын таба салды. Ойлаған жоқпыз. Келесі жылға қалды деп ойлағанбыз. Бұл жерде 100 жылдан аса уақыт болған көмілгендеріне.  Негізі, Қазақстан Республикасы заңына сәйкес, 50 жылдан кейін құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беріледі

Ал амбулатория салуға асыққан мердігер бұл орынды биліктің бекітіп берген жері деп отыр.

Еркебұлан Абдуллаев, құрылыс фирмасының өкілі:

Мемлекеттік акты міне, жерді осы жердің әкімдігі береді. Одан кейін сараптама, ақша бөлу де бәрі сол қағаздарға қарай облыстан болады. Біз білмейміз енді, облыстық басқармамен шешу керек қой. Біз оны шеше алмаймыз.

Данияр Әлімқұл,  тілші:

Ашуға булыққан ақсақалдар "әруақты қорладыңдар" деп қабір маңын қазып жатқан техникаларды тоқтатып тастады. Ал мердігер компания бұл құрылыс мерзімінен кешігіп жатқанын айтады. 

Данияр Әлімқұл