Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы маңынан үй жануарларының мыңға жуық өлекселері табылды

  • AstanaTV
  • 09 сәуір 2018
  • 3742

Алматы маңынан тау болып үйілген үй жануарларының өлекселері табылды. Не санитарлық, не экологиялық талапқа сай келмейтін бұл жайтты алдымен еріктілер байқап дабыл қақты. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс айналаға жайылғанына да бірнеше күннің жүзі болған. Өлекселерді бұл аумаққа тастаған кім?  Әріптесім Олжас Нұржақып осы сұраққа жауап іздеді. 

Мына иттердің құр сүлдері қалыпты. Үрмейді, қаппайды. Тіпті оның мына қоршауда тұрғанына қанша болғаны да белгісіз. Түтіліп түскен жүні мен жүдеген түріне қарап қатты аяйсың, дейді еріктілер. 

Ирина Иванникова, ерікті:

Алабай тұқымдас ірі иттер мен күшіктерді аман алып қалдық. Ұрған, соққан. Тіпті нәр татпағандықтан, әлі жеткендері әлсіздерімен алысқан. Денесінде тыртық көп.

Талғар ауданындағы Кеңдала елді мекеніндегі бұл қоршалған аумаққа бізді де осы еріктелер ертіп барды.  Айнала санитарлық талаптардан ада.

Зинаида Савенкова, зооқорғаушы:

Жануарлар сусыз, нәрсіз торда қамалып тұрды. Оған қоса мына үйілген өлекселерді қараңыз. Бұл көріністің бірде-бірі заңға сай емес. Жиегіндегі қанның іздері әлі кетпеген. Жағымсыз иісінен тыныс алу қиын. Бұл жерде Азаматтық кодекстің 246 бабы және 316 бабы ескерілмеген. 

Бұл жерден төрт аяқтылардың аянышты хәлінен бөлек, шашылған дәрі-дәрмекті де байқауға болады. Қорғаушылар оның арасында қарапайым ветеринарлық дәріханаларда сатылмайтын дәрілердің де барын айтты.

Фатима Сайфутдинова, «Свет надежды» баспанасының жетекшісі:

"Ремитар" - иттерді тыныштандыру үшін қолданылады. Бағасы шамамен 4 мың теңге. Негізі, тендерді ұтқанда осындай дәрі-дәрмекті қоса бөледі. Бірақ бұлар жерде шашылып жатыр. Адам денсаулығына өте зиян. Улы зат болғандықтан, қалдықтарын ереже бойынша жерге көміп тастау қажет. Бірақ талап сақталмаған.

Бұл мәселеден жергілікті билік хабардар. Бірақ, олардың өз уәжі бар. Айтуларынша, ол аудандағы өлексе тастайтын арнайы орын. Ал жанына қаңғыбас иттер қамалады. Ол үшін арнайы бюджеттен 8 миллион теңге көлемінде қаржы да бөлінеді екен.

Сағындық Парвиев, Алматы облысы Талғар ауданы ветеринарлық станциясының директоры:

Вакциналар, жаңағы ненің қалдықтарын біз көрген жоқпыз. Малдың өлексесін тастайтын жер. Сол жерде итті 3 күн ұстап, ұйықтатып сол жерге, ямаға тастаймыз. Енді қай жаққа тастаймыз өлтірілген итті. Иесіз ит.

Жануарларды қорғау тобының сөзіне сүйенсек, арнайы қаңғыбас иттерді қамайтын орындар заң талабына сай болуы тиіс. Себебі ол жұмыстар үшін мемлекет тендер арқылы қомақты қаражат бөледі. Ал, оны атқаратындар иттерді кемінде 60 күн ұстап, әр данасына берілген 6 мың теңгеден аса қаражатты тамағы мен дәрі дәрмегіне жұмсауы керек. Бірақ мұнда оның бірі де жоқ деді. Енді еріктер құзырлы органға арызданбақшы.

Олжас НҰРЖАҚЫП