Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупі әлі сейілер емес

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2018
  • 2987

Батыс Қазақстан облысында да судан келер қауіп сейілер емес. Су Тасқала мен Зеленов аудандары, тіпті Оралдың өзіндегі екі мыңнан астам үйге жайылуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, қардың қалыңдығы мен оның ылғалдылығы былтырғы көрсеткіштерден де асып түскен. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Марс Отаров айтты. Оның сөзінше, қазір бөгеттер ерекше бақылауға алынып, азаматтарды уақытша паналататын 50 бекет ашылыпты. Сондай-ақ облыс аумағында 22 гидробекет ұйымдастырылыпты.

Марс Отаров, БҚО ТЖД бөлім басшысы:

Қазіргі уақытта ерекше бақылауда тұрған Тасқала ауданындағы Деркөл және Шежін-2 өзендері. Мұндағы көрсеткіштер қазір қауіпті деңгейге жақындап қалды. Мұздардың қозғалысы бар негізі, бірақ толық ажыраған жоқ. Деркөл өзенінің жоғарылау көрсеткішін әлі күтеміз.

Ал, кеше Зеленов ауданында дамбаны су жырып кетті. Ол былтыр жергілікті бюджеттен бөлінген 70 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Бүлінген бөгетті кепілдік мерзіміне сай мердігер қалпына келтіреді, деді төтенше жағдай департаменті. Жалпы, өңірдегі 54 гидротехникалық нысанның жетеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Мамандар оларды қалпына келтіру ісі кезең-кезеңімен жүргізіледі деп отыр.