Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда жалғызбасты әйел екі баласын арнайы орталыққа тапсырды

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2018
  • 2635

Павлодарда жалғызбасты ана ұлы мен қызын арнайы орталыққа өзі ертіп әкеп тапсырып кетті. Білім бөліміндегі мамандар, мұндай жағдайдың бірінші рет кездесіп отырғанын айтады. Бұл  әрекетін тұрмыстық қиындықтармен түсіндірген әйел, жағдайымды реттегесін қайта алып кетемін, депті. Бүгінде екі бала анасын күн сайын күтумен жүр.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жұмыссыздық пен баспананың жоқтығы әйелді осындай қатігездікке баруға итермелеген сыңайлы. Білім бөліміндегілердің болжамы осындай. 16 жастағы қызы мен 6 жасар ұлын арнайы мекемеге тапсырған ана ізінше тайып тұрған. Бүгінде балалардың жағдайы тәуір. Жатар орынмен, бес уақыт тамақпен қамтылған. Тіпті оқуын да жалғастырып жатыр. Олармен психолог мамандар жұмыс істеуде.

Меруерт Бүкебаева, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы басшысының орынбасары:

Барлығын түсінеді, яғни орын алған жағдайды. Анасына қайта қосыламыз деген үмітте балалар. Біздің орталығымыздың жағдайына ойдағыдай бейімделіп жатыр. Бүгінгі күні ешқандай қиындық туындап жатқан жоқ.

Қамқоршылық органының ақпарынша, әйел - Семей қаласының тумасы. Павлодарға көшіп келіп, ұл-қызымен пәтер жалдап тұрған. Анықталғандай, балалардың әкесі бар. Бірақ келіншек оның қайда екенінен бейхабар.

Әсия Дүйсенбекова, Павлодар қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Біз әдетте жағдайы төмен жалғызбасты аналармен алдын ала жұмыс жүргізетінбіз. Қазір керісінше болып тұр. Әйел балаларын өзі ертіп келіп, тапсырды. Жұмысқа орналасып, балаларына жағдай жасауға тырысатынын айтып кетті.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Көздері жәудіреген екі бала да, бейімдеу орталығының өкілдері де қатігез ананың қайта ораларынан үмітті. Егер 3 айдың ішінде ештеңе өзгермесе, әйелге қатысты шара қолдануға тура келеді. Яғни білім бөлімінің мамандары сотқа жүгініп, оны тіпті аналық құқығынан айыруға дейін бармақ.

Әсемгүл Мұхитқызы