Русский Сайттың толық нұсқасы

Жер телімдері жайлы жаңа интернет ресурсы пайда болады - Әшімбаев

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2018
  • 4496

Енді жер телімдері жайлы интернет ресурсы ашылмақ. Оған жер сатып алушыға ұсынылатын телімдер мен өзге де ақпараттар топтастырылады. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында айтты. Одан бөлек партияның жұмыс істеу бағыты жаңа форматқа көшпек. Бас партияның бастамалары жайлы Данияр Әлімқұл баяндайды.

Партия төрағасының бірінші орынбасары алдымен Тараздағы жаңадан салынып жатқан 15-ші шағын ауданның құрылысымен танысты. Мұнда қазір әрқайсысы 80 пәтерлі 10 үй салынып жатыр. Оған 6 млрд теңгеден астам қаржы «Нұрлы жер» бағдарламасымен бөлінген. Бүгінде облыста 15 мың 300 тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың жартысынан астамы осы жаңа шағын аудан есебінен баспаналы болмақ.

Жандос Өмірзақов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Тапсыру мерзімі осы жылдың 30-шы тамызына қарастырылған. Елбасының ұсынысы бойынша қазіргі «7-20-25» бағдарламасы талқылау үстінде. Осы үйлерді сол бағдарламамен сатуға жоспарлап, дайындап отырмыз. Сату жүйесі бұл «ЖССБ» банк арқылы шешіледі.

Бұдан бөлек биыл шаһарда 1000-ға жуық бір типті жер үй салынбақ. Партиялықтар құрылысқа қажетті заттардың барлығы отандық өнімдер болу керек екенін ескертті. Облыстық филиалдың ХХІ конференциясына қатысқан Мәулен Әшімбаев облыс әкімін филиал төрағасы етіп бекітіп, партия жұмысын жаңғырту керектігін айтты. 

Мәулен Әшімбаев,  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бюрократияны азайтып, жұмыстың нақтылығын, тиімділігін арттыруымыз керек. Атқарылып жатқан іс-шаралардың санына емес, сапасына көңіл бөлуіміз керек. Мен бұл мәселені бірінші күннен бері айтып келе жатырмын. Орталық аппараттың да өңірлерден, біздің филиалдарымыздан алатын есептері бар екен, біраз қағаздары бар екен. Филиалдарымызға «мынаны беріңдер, ананы беріңдер» деген өздерінің үлкен тізімі бар екен. Сол тізімдерді азайтыңдар, өңірлермен басқаша жұмыс істеңдер. 

Биыл бас партия 22 жаңа жобаны жүзеге асырмақ. Соның бірі - жер телімдеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету. Өйткені жерді жалға немесе сатып алғысы келетін кәсіпкерлерге ақпарат алуда қиындықтар бар көрінеді. Мұны шешу үшін жер жайлы ақпарат топтастырылған интернет ресурсы ашылмақ. 

Мәулен Әшімбаев,  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Осы интернет ресурста бүкіл Қазақстан бойынша біздің қалаларымызда, аудан орталықтарындағы коммерциялық мақсаттарда пайдаланатын жер туралы ақпарат болады. Ол жерлердің жағдайы, аукционға шықса, бағасы, инфраструктура келу мәселесі, стандарттар, ол жерді қалай пайдалану керек, осы мәселелердің барлығын біз бір жерге топтап, осы интернет ресурсты дайындауға кірісіп жаттырмыз.

Мұнан соң меймандар жасотандық жастармен кездесті. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде болып, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында  аударылған шетелдік бірегей кітаптар жайлы сөз қозғады.  Жастарды осы оқулықтар арқылы озық үлгіде білім алып, озат болуға шақырды. Сапар соңында патия төрағасының орынбасары «Көне Тараз» кешенінде болып, тарихи орынның тынысымен танысты. 

Данияр Әлімқұл