Қызылордада осыдан 40 жылдай бұрын салынған жатақхана типтес 46 пәтерлі үйдің «жырын» кезекті рет «жырламақпыз». Біздің меншікті тілшіміз Шарипа Сақтапова бірнеше рет материал жасады. Тоқсаныншы жылдары үй кәріз жүйесінен ажыраған соң тұрғындар балалар алаңының орнына ... 46 әжетхана салған. Кейбірінің үстіне шағын бөшке орнатылған, жазда душ болады... Бес қабатты тұрғын үй ешқандай мекеменің балансында жоқ. Сол себепті күрделі жөндеу көрмегеніне де көп болған... Ал Оралда 1204 көппәтерлі үй бар. Олардың 1035-і жартылай немесе күрделі жөндеуді қажет етеді. 42 үй апатты жағдайда тұр. Үй кезегіндегілер саны 19 мың... Сондай-ақ, жатақхана «жыры» онда да бар. Жалпы, ондай проблема қай қалада жоқ? Шенеуніктер жұрт тұратын жатақхана проблемалары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында шешілуі керектігін айтады, бірақ шешілмейтінін біледі. Яғни тетік бар сияқты, алайда іске асуы мүмкін емес дерлік механизм. Елімізде «жатақхана» деген ресми атау жоқ. Ондай атау жойылғанымен, жоқ болып кетпеген жатақханалар туралы репортаж. Еркін Карин материалында Чухрайдың «Ұры» деген фильмін неге мысалға келтірді?
Бекберлі Мәмбетовтың көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегіне тұрғанына 20 жылдан асты. Содан бері жатақханада өмір сүреді. Бір қызығы, түрмеде жазасын өтеушінің жеке кеңістігі 3 шаршы метр болса, жеті адамнан тұратын бұл отбасы 17 шаршы метрді қанағат қылған. Яғни әрқайсысына 2 шаршы метрден келеді. Тамақты осында пісіреді, осында ұйықтайды, қонақты да осында күтеді. Жер ортасынан асса да, жатақхана жағалап жүргені отағасының жанына қатты батады.
Бекберлі Мәмбетов, Орал қаласының тұрғыны:
Адам басына 15 шаршы метрден келе ме ҚР заңы бойынша? Енді оны есептеп қараңыз, үш қызым тұрмысқа шығып кеткен күннің өзінде бізге 60 шаршы метр керек қой деп есептеймін. Өзімнің ойым! Үлкейген шағымызда баспаналы болсақ, кеңірек... Бөлменің тарлығы өз алдына, газ жоқ бізде. Су жоқ, қазірге дейін газ баллон жағып отырмыз. Рұқсат жоқ дейді. Бірақ енді қайда барамыз рұқсат жоқ дегенде. Тамақ ішу керек...
Байырғы тұрғындардың кейбірі пысық, бөлмесін жекешелендіріп алған. Тәртіп бұзатындар солардың пәтерлерін жалдайтындар екен. Өйткені өзінікі болмағасын, уақытша баспанаға ешкімнің жаны ашымайды.
-Похороннан келсем, мына жерде убийство болған. Бәрі арақтың кесірі ғой...
Пәтер иелері кооперативінің төрайымы ғимараттың мүшкіл халіне тұрғындарды айыптайды. Салынғанына 50 жылдан асқан үйлер бүгінде 80 пайызға тозған.
Светлана Дужникова, ПИК төрайымы:
Ғимаратқа кім көрінген кіріп, дәретхананы адам көргісіз қылды. Қойған шамдарды қиратады, қоқысын дәлізге төгеді. Үйдің жалпы берешегі 1,5 миллион теңгеден асады. Пәтер жалдайтындар тазалыққа мән бермейді. Келер аптада осы үймен жасаған шартымыз аяқталады. Бес жыл тегін қызмет көрсеттік десем де болады. Бірақ тұрғындар ықылас танытпағасын, жағдай өзгермеді.
Еркін Карин, тілші:
Режиссер Павел Чухрайдың «Вор» деген әйгілі туындысы бар. Бұл фильмге 50-жылдардағы оқиға арқау болыпты. Соғыстан кейінгі сүреңсіз тіршілік, тұрмыс тауқыметін тартқан халықтың мехнатқа толы азабы, бәрі де осы фильмде жан-жақты баяндалған. Алда-жалда сондай фильм түсірілер болса, мына жатақхананың ішкі көрінісі таптырмас, әрі тегін декорация болғалы тұр.
Ал бұл жатақхана кезінде оралдық қару-жарақ зауытының жұмысшыларына салынған. Кейін жекенің меншігіне өтті. Қазіргі жағдайы осы.
-Міне мынау унитазымыз, туалет. Бәрі құлап жатыр. Бәрі су аққаннан ешкімге керек емес, ешкім интересоваться етпейді. Мынау кухня, су аққанда да бәрі ақты. Оны жасайтын еркек жоқ. Маман жалдауға қымбат.
Кір-қожалақ қабырға, сасық иіс қолқаны қабады. Жоқшылық шырмап, қымбатшылықтың құрсауында қалған тұрғындар осы тірлігіне күйінгенімен, қолдан келер дәрмен жоқ.
Кенже Қайырова, жатақхана тұрғыны:
2011-де модернизация жасады. Сол модернизацияның сықпыты мынау. Сол 26 миллионды бәрімізге общий салып кетті. Сол 26 миллионның мен 260 мыңын төлеймін. Ыстық суымыз жоқ, мұздай суы міне, 7 семьяға 2 раквина, 1 газ, бір туалет, болды. Басқа дым да жоқ. Подъезд жиналмайды. Кім қалайды сол жинайды. Айнала жиналынбайды. Ешкімге керек емес, осылай тұр. Бірақ ақшаны ұстап жатыр. Коммуналдық қызметті төлеп жатырмыз бәріне.
Аты-жөнін айтпауды сұраған жатақхана тұрғыны:
Подъездің есігі ашық, кішкентай қыздарымыз жүреді. Наркомандар кіреді. Міне, жүр ғой. Небір-небір дәрі ішетіндер. Бардак мұнда полностью.
Бүгінде қаладағы 63 жатақхананың бәрі жекешелендірілген. Заң бойынша көппәтерлі үй саналады. Ал қожайыны жоқтарын «басқару формасы анықталмаған» үйлер деп атайды. 300 мың адам тұратын Оралда осындай 120 ғимарат бар. Шенеуніктер баспана ахуалына тұрғындардың өздері жауапты, дейді.
Миржан Нұртазиев, Орал қалалық ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:
Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес 35-бабының 2-тармағына сәйкес көпқабатты тұрғын үйлердегі сияқты мұнда да тұрғындар өз тарапынан ат салысып, жеке үйді күтіп ұстауға міндетті. Кейбір жатақханалар жаңағы тұрғындарына байланысты көп қаралынбайды. Қазіргі таңда құлайын деп тұрған жатақханалар қаламызда жоқ. Тұрғындар ұстап келеді.
Шенеуніктердің сөзінше, апатты үйлер проблемасы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасының көмегімен шешілуі керек. Мысалы, жекеменшік құрылыс компаниясы 40 пәтерлі апатты үйдің орнына 80 пәтерлі үй салады да, жартысын сол үйдің тұрғындарына береді, жартысын сатады. Әкімдік инженерлік желіні тегін тартып береді. 2015 жылдан бері осы бағдарлама бойынша Оралда жеті үй бұзылған. Бірақ арасында бірде-бір жатақхана жоқ. – Себебі құрылыс компанияларына жатақхананың орнына үй салу тиімсіз. Ол жерде пәтерлер көп, шаршы метрі аз. Ал әр пәтерді жатақхана бөлмесі секілді қуықтай қылып емес, нормаға сай салып беруі керек. Сөйтіп қаражатын қайтара алмайды. Сондықтан ондай үй салатын компанияны таба алмаймыз, - деді атқамінерлер. Яғни жатақхана проблемасы аталған бағдарлама аясында шешілмейді деген сөз.
Ал Қызылорда қаласындағы 46 пәтерлік көпқабатты үй тұрғындары ауласынан 46 дәретхана қазып алыпты. Өйткені бұл үйдің кәріз жүйесінен ажыратылғанына 20 жылдан асқан. Дәретханасының үстіне шағын бөшке орнатқан тұрғындар оны күн ысығанда душ ретінде де пайдаланады екен.
Сандуғаш Ратова, жатақхана тұрғыны:
Суға батып бара жатқан «Титаник» қой бұл. Елдің бәрі солай айтады. «Титаник» суға батса, біз боққа батып барамыз. Бізге келгенде әкімдердің көзі соқыр, құлағы керең.
Бұл үй ешбір мекеменің қарауында жоқ. Дегенмен жергілікті билік өкілдері ғимаратты мемлекеттік бағдарлама бойынша жөндеуге болатынын айтады. Бірақ...
Біржан Далабаев, Қызылорда қаласы Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
Бұл жерде анықталып отырған нәрсе - әрбір пәтер иесінің заңды құжаттарының болмауы. Ол өйткені бағдарламаның бірден-бір талабы. Аталған үйдің кондоминимум құжаттарының болуы, әрбір пәтер иелерінің мемлекеттік тіркеуден өткен техникалық құжаттары болуы қажет.
Ал оны істеуге әкімдік көмектесе ме, жолын көрсете ме? Жалпы бұл көрініс еліміздің қай қаласына да тән нәрсе. Психологтардың ойынша жақсы өмір сүруге ұмтылу - әр адамның бойында бар нәрсе. Бірақ сүреңсіз тіршіліктен ығыры шықса, жақсылыққа құштар ішкі серіппесі сынып кетуі мүмкін, дейді.
Әсима Даргужиева, психолог:
Адамның өзінің жайлы, тиесілі бұрышы болмайды. Жұмыстан күн ұзағына шаршап келеді. Жұмыстан келгеннен кейін келіп жататын жерінде жеке кеңістігі болмайды және көршілеріне өте тығыз, жақын орналасқаннан кейін олардың у-шуы, дыбысы, айқайы адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. Және ол агрессияға әкеп соғады. Әлемді өзгерткің келсе өзіңнен баста дейді. Алдына мақсат қоя білуі керек. Армандап, жаңағы, қорықпай, жаңа істі бастауға.
Бір ғана Оралда 19 мың адам тұрғын үйге кезегінде тұр. Олардың қашан баспаналы болары белгісіз. Өйткені жыл сайын салынар санаулы үй мұқтаж жандардың бәріне бірдей жетпейді. Соған қарағанда елімізде «жатақхана» деген ресми мәртебе болмағанымен өмір бақи жатақта тұрып, мәңгілік мекеніне жатақтан аттанатын адам аз болмайды-ау...
Шарипа Сақтапова, Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт».