Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте балмұздақтан уланған үш адамнан стафилококк қоздырғышы анықталды

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2018
  • 3561

Шымкентте балмұздақтан жаппай уланған тағы үш адамнан «стафилококк ауреус» қоздырғышы анықталды. Мұны бүгін біздің тілшілерімізге аймақтағы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілі мәлімдеді. Қазір өңірде құйылмалы балмұздақ сататын нүктелерге жаппай тексеру жүріп жатыр. Әріптесім Айзада Төребекқызы жалғастырады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Жаппай улану дерегінен соң өңірде жоспардан тыс тексеруді бастаған қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары құйылмалы балмұздақ сататын 57 дүңгіршекті тексеріп үлгерген. Оның жиырмасы заңсыз жұмыс істегені анықталған. Тексеру кезінде балмұздақ пен оның қоспаларынан сынамалар, гигиеналық сүртінділер алынған. Тіпті тосыннан барып 72 қызметкерден сынама алған, тексерген. Әзірге Түркістан қаласындағы тексеріс қорытындысы белгілі. 

Алдарқұл Ахметов, ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:

Түркістанда үш нысан тексеріліп отыр. Сол үш нысанның бүгінгі күнге біреуінен нәтижесі шықты. Қалған екеуі енді бізге нәтижесін береді. Соның ішінде азық-түлік сынамасынан біреуінен және гигиеналық сүртінділерден 15 сүртіндіден «оң» нәтиже беріп отыр. Ол жерден анықталып отырғаны ішек таяқшалар тобындағы бактериялар анықталып отыр. 

Мамандар қоздырғыштар әлі де табылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Өйткені балмұздақ сататын дүңгіршектердің дені «тәттіні» әзірлеуде тиісті технологияларды дұрыс сақтамайтын көрінеді. Көпшілігінде орталықтандырылған ауыз су және сарқынды су жүйесі жоқ. Дені пастерилденбеген сүт өнімдерін қолданады. Бәрінен бұрын жұмсақ балмұздақ қоспасына қосатын шикізаттардың қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттары болмай шыққан. Ал онда жұмыс істейтіндердің кейбірінің медициналық кітапшасы мүлдем жоқ. Балмұздақты дені үйде әзірлеген. Бұған дейін жұрт жаппай уланған дүңгіршектің екі қызметкерінен сальмонеллез анықталса, тағы үш адамнан қауіпті қоздырғыш табылып отыр

Алдарқұл Ахметов, ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:

Бес киоскі қызметкері мен 7 отбасы мүшелері тексерілген. Себебі отбасы мүшелері жұмсақ балмұздақты үй жағдайында дайындаған ғой. Оның ішінен екі отбасы мүшесінен «стафилококк ауреус» анықталды және 1 қызметкерден «стафилококк ауреус» анықталды. Енді осы жағдайда қоздырғыштың берілу факторы осы жұмсақ балмұздақтың үй жағдайында технологиялық процестердің өрескел бұза отырып дайындалғандығы.

Жаппай уланған 200-дей науқастың 31-інен сальмонеллез, тағы 13-інен стафилококк қоздырғышы анықталды

Айзада Төребекқызы, тілші:

Тексеру жұмыстары 30-сәуірге дейін жалғасады. Жұмсақ балмұздақ сататын орындардан бөлек кремсіз кондитерлік өнімдер дайындайтын және елу адамға дейінгі қоғамдық тамақтану орындары да жоспардан тыс тексеріледі. Бұған дейін, эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз нысандар қатарына жататындықтан, мұндай орындарды мамандар тексере алмайтын

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ