Русский Сайттың толық нұсқасы

Банкротқа ұшыраған жеке тұлғаның жалғыз баспанасын сақтап қалу туралы заң шықса, "Нұрлы жер" "7-20-25" бағдарламалары тоқтайды

  • AstanaTV
  • 19 сәуір 2018
  • 2896

Банкротқа ұшыраған жеке тұлғалардың жалғыз баспанасын сақтап қалу туралы заң шықса, "Нұрлы жер", "Тұрғын үй жинақ банкі" және "7-20-25" бағдарламалары тұралап қалады. Депутат Аманжан Жамалов осылай дейді. Қазіргі уақытта Ұлтық банк пен Қаржы министрлігі арасында даулы мәселе бар. Ол - банкротқа ұшыраған жеке тұлғаның жалғыз баспанасын тәркілеу. Министрлік бұған қарсы. Ал Ұлттық банк, егер бұл заңмен шектелсе, шағын және орта бизнеске баспананы кепілге қою арқылы несие беру тоқтайды, деп қауіптенеді. Ал депутат Аманжан Жамалов мұндай шектеу мемлекеттік бағдарламаларға да кесірін тигізуі мүмкін дейді.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

"Нұрлы жер", "Тұрғын үй жинақ құрылысы" банкі, "7-20-25" бағдарламалары тоқтайды. Банктер үшін несиені қайтармау қауіпі басым. Қазір ипотека нарығы жыл сайын 80 пайызға өсім көрсетіп келеді. Заңда шектеу болса, потенциалды тұтынушылар баспана ала алмай қалады.

Заң жобасында үш айдан артық қарызын өтей алмаған тұлға өзін банкрот деп жариялауға құқылы. Тиісті орган борышкердің төлем қабілетін қалпына келтіру үшін уақыт созады. Оның бар мүлкін саудаға шығарады. Банкротқа жеке кәсіпкер болуға, шетелге шығуға, несие алуға, несиеге кепіл болуға басқа да заңмен бірқатар шектеулер бар. Аталған құжат маусымда Парламентке түседі. Ал 2021 жылы күшіне енуі тиіс.