Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда шатыры апатты жағдайдағы жатақхана тұрғындары шағымданды

  • AstanaTV
  • 19 сәуір 2018
  • 3070

Қызылжарда 5 қабатты жатақхананың тұрғындары шатыр опырылып астында қаламыз ба деп қауіптенеді. Айтуларынша нысанның төбесі апатты жағдайда тұр. Жергілікті билік мәселеден хабарлары бар ма? Абзал Құрманин тараптарды тыңдап көрді.

Валерий Бегун жатақхананың төртінші қабатында тұрады. Дымқыл тартқан қабырғадан жылдың қай мезгілі болса да жапа шегетінін айтады. Жазды күні жаңбыр жауып, төбеден су сорғаласа, қыста сыз өтеді дейді. 

Валерий Бегун,  қала тұрғыны:

Жаңбыр жауса болды, ыдыс алып төбені аңдумен боламыз. Соңғы кезде тынысым тарыла береді. Көгерген қабырғалар денсаулығыма кері əсер етіп жатыр.

Жатақханада 160 бөлме бар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бой көтерген ғимараттың шатыры тұрғызылғалы бері жөндеу көрмеген. Шұрық-тесік төбеден аққан судан тұрғындар қаншалықты зардап шексе де күні бүгінге дейін нысан апатты деп танылмаған.

Вера Сединкина, қала тұрғыны:

Мамандар келіп қарап кетті. Бірақ ресми сараптама жүргізген жоқ. Төбені жөндеуге шамамен 8 миллион теңге керек екенін айтты. Бірақ, тұрғындарды қаражат жинауға көндіру қиын.

Вера Сединкинаның айтуынша, үйдің жүзден астам тұрғыны бір жағадан бас шығара алмай келеді. Бөлмелердің басым бөлігі жалға беріледі. Үй иелері жатақхананың жағдайына бас ауыртпайтын көрінеді. Тұрғын үйде пəтер иелері кооперативі де құрылмаған. Сондықтан жатақхана, аймақтарды дамыту бағдарламасына іліге алмай отыр.

Руслан Исмағамбетов, Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясы басшысының м.а.:

Жазды күні үйдің техникалық жағдайын тексереміз. Меніңше, үй апатты жағдайда емес. Тек төбесі мен қабырғаларын қалпына келтіру керек. Баспана жаңғырту бағдарламасына іліну үшін тұрғындар бүкіл құжаттарды жинауы тиіс, және біз оларды тек пәтер иелері кооперативінен қабылдаймыз. Қазір қаладағы мыңнан астам тұрғын үйдің 300-ге жуығы ПИК-ке тіркелмеген.

Айта кету керек, Қызылжарда 18 тұрғын үй апатты жағдайда тұр. Билік өкілдері оларды аймақтарды жаңғырту бағдарламасы аясында алдағы жылдары күрделі жөндеуден өткіземіз деп сендіреді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Шенеуніктер қауппен күн кешіп келе жатқан жатақхана тұрғындарына ғимарат 3 жылдың ішінде жаңғыртылуы мүмкін екенін айтты. Бірақ, ең алдымен жатақхана экспертизадан өтіп, ПИК-ке тіркелуі тиіс. Қазір баспана белсенділері алтауы ала болған үй тұрғындарын жұдырықтай жұмылдыруға кірісті.

А.ҚҰРМАНКИН