Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО Мамай батыр ауылының тұрғындары малдың бруцеллезбен ауырғанына күмәнді

  • AstanaTV
  • 24 сәуір 2018
  • 7177

Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары қорадағы малын сойдыруға қарсы. Бұқара ветеринарлардың қойған диагнозына күмәнмен қарайды. Айтуларынша, жұқпалы дерттің белгілері бруцеллезге еш ұқсамайды. Ал ауру сиырға берілетін өтемақы өте аз көрінеді. Тұрғындар былтыр күзде қатерлі дерт анықталғалы елді мекенде алыпсатарлардың тірлігі жанданғанын айтады.

Өскеменнің іргесіндегі Мамай Батыр тұрғындары ауылда мал қалмады дейді. Айтуларынша, бар малды бруцеллез деп союға алып кеткен. Жергілікті ветеринарлар 100-ге тарта сиырға қатерлі диагнозды қойған. Санитарлық талаптар бойынша ауру мал шетінен сойылуда. 

Гүлнәр Тайбазарованың қорасында екі-ақ бұзауы қалған. Сиырларынан ауру анықталған соң былтыр сойғызыпты. Бірақ келіншек әлі күнге дейін ветеринардың диагнозына күмәнді. Өйткені дерттің белгілері бруцеллезге ұқсамайды,-дейді. Ал, шаруа қожалықтың иесі Дамир Құмаштың 66 бас малы болған. Тексерістен кейін сиыр-бұзауымен қоса бір күнде 30 жануары пышаққа түскен.

Дамир Құмаш, шаруа қожалығының басшысы:

12 500 теңге алады сойғаны үшін. Және жеткізгені үшін тағы 2 мың теңге әр сиырға. Тегін жоқ. Бәрі өз қалтамыздан. 30 пайыздық компенсация ол енді бірде бар, бірде жоқ. Нақты жауап та жоқ.

Қасапшыға 7 сиырын апарған Сұлтан Торғауыл қалай жанбағарын білмей дал. Бір күнде қорадағы саулығынан түгел айрылған ол кейін осы диагнозбен бұзауларын да тапсырған. Қария "бүтін бір ауыл малсыз қалды" деп қынжылады. 

Сұлтан Торғауыл, Мамай батыр ауылының тұрғыны:

Қан тапсырғаннан кейін 10-15 күннен кейін алды ғой деймін. Мен онда ауруханада болғам. Сонда 7 сиырды бірақ әкетті деген хабар естідік. Жеке біз емес, осы маңайдағылардың бәрінен әкеткен. Мына жерде Бірдіхан дегеннің 4 сиырын әкетті

Малдан алынған қан құрамынан бруцеллез белгілері табылса, мал сойылады. Сойылғаннан кейін 12 сағаттың ішінде жұқпа белгілері еттен табылмаған жағдайда, ет қожайынға қайтарылады. Сөйтіп, мал иесінің етті нарықтағы бағаға сатуына мүмкіндік бар. Ал, қатерлі диагноз расталса, онда сиыр иесіне нарықтағы бағаның 30 пайызы ғана төленеді. Дәл осы жерде алыптасарлардың тірлігі жанданады дейді тұрғындар.

Гүлнәр Тайбазарова,  Мамай батыр ауылының тұрғыны:

Әйтпесе қайдан біледі олар, мысалы. Егер бұл құпия болса, олар қайдан біледі, алыпсатарлар. Мысалы, анда осындай-осындай малдар шығып жатыр, бруцеллез деп. Демек, байланыстары бар.

Осы сәйкестіктен кейін бұқара бруцеллез арадағы делдалдың оңай олжасы деген пікірде. Ал, ауданның ветеринарлары тиісті қорытынды арнайы зертханадан келетіндігін айтты.

Бекзат Мамаділова, ШҚО Ұлан ауданының ветеринария бөлімінің басшысы:

Біз Мамай батыр ауылында қанша рет жиын өткіздік. Тұрғындар айтқанымызбен келіседі, бірақ бағаға келгенде үнсіз қалады. Малдың бір басы 750 теңге. Бұл мәселені республикалық деңгейде көтердік, әзірге өзгеріс жоқ.

Елімізде аусыл және сібір жарасынан екпе міндетті және тегін жүргізіледі. Алайда бұл тізімде бруцеллез жоқ. Сондықтан тірлігін малға байланған ауыл халқы аталған жұқпа бойынша вакцинация міндетті болса деген үмітте.