Елімізде өндірістік жарақат алатындар саны жыл санап артып барады. Әсіресе Қарағанды облысы бұл проблема бойынша көш басында тұр. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Қостанай облыстары да қалысар емес. Жалпы ел аумағында өткен жылы 100-ден астам адамның өндірістік жарақат алу жағдайы тіркелген. Тек биылғы жылдың басынан бері ғана кенді аймақта 54 өндіріс жарақаты жағдайы тіркелген.
Ресми деректерге сай, Қарағанды облысында жыл сайын 40-тан астам адам шахталарда болатын оқыс жағдайдан зардап шегеді. Олардың біразы опат болса, басым бөлігі түрлі деңгейде жарақат алады немесе ауруға шалдығып мүгедек атанады.
Кен орнындағы ауыр еңбектен көз ашпай жүріп, денсаулығынан айрылғандардың бірі - Иван Штрек. 36 жыл бойы жер астында көмір қазып, омыртқасы зақымданған. Ақыр соңында жұмыстан шығып кеткенін айтады. Оның сөзінше, аса қауіпті өндірісте 63 жасқа дейін еңбек ету мүмкін емес.
Жасым 62 де. Дәл қазір мен жер астында көмір қаза аламын ба? Бұл мүмкін емес. Медициналық зерттеулер шахтада 15 жыл жұмыс істегендердің тең жартысы мүгедек болатынын анықтаған. Сондықтан бұрындары 40-45 жаста адамдар зейнетке шығатын. Қазір не өзгерді? Тиісті министрлік зейнеткерлік жасын азайту жағын қарастыруы тиіс.
«Қорғау» көміршілер кәсіподағы ұйымының өкілі жарақаттанудың бірнеше себебі бар екенін айтты. Өндірістік қауіпсіздіктің сақталмауы, кен орындарында жұмыс күшінің тапшылығы да өз әсерін тигізбей қоймайды. Мамандардың есебінше, Қарағанды шахталарында 500-ге тарта еңбеккер жетіспейді. Салдарынан бірнеше кенші атқаратын шаруаны бір адам орындайды. Оның үстіне қатты отынды қазатын орындар жаңа қауіпсіз қондырғылармен қамтылмаған.
Андрей Лукин, «Қорғау» көміршілер кәсіподағы ұйымының техникалық инспекторы:
2000 жылдары «Арселор Миттал Теміртау» жаппай қысқарту жүргізді. Сол кезде қанша мамандар кетті. Оның үстіне шахталар ескірген. Бірен- саран қондырғылар қойылғанымен, қауіпсіздік талаптары толық сақталмайды. Заманауи техника жоқ. Кен орындарында тәжірибесі аз жастар мен денсаулығы нашар егде жастағылар қалды. Дәл осы азаматтар жарақат алып жатыр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі:
Қазақстанда 370 мың адам зиянды және қауіпті жағдайда еңбек етеді. Әрбір екінші тұрғын аса шулы ортада, ал әрбір үшінші азамат жоғары деңгейде газданған, шаң басқан жерде жұмыс істейді. 84 мыңға жуық қызметкер ауыр жұмысқа жегілген. 2018 жылдың алғашқы тоқсанында өндірісте 317 қайғылы оқиға тіркелсе, оның 46-сында адам өлімі болған.
Көміршілер кәсіподағы ұйымының дерегінше, "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы шахталарында өндірістік жарақатты жасыру да белең алған. Жұмыста жүріп оқыс жағдайда денсаулығына зақым келсе де, бұл көп жағдайда тұрмыстық жарақатқа айналады, - дейді ұйым өкілдері. Кеншілер жұмыстан айрылып қалудан қорқатын көрінеді
Марат Миргаязов, «Қорғау» көміршілер кәсіподағы ұйымының төрағасы:
Өндірістік жарақат көбейсе, шахта директоры жұмыстан қуылады. Сондықтан мұндай оқиғаларды азайтып көрсетуге мүдделі. Директор цех бастығына, бастығы шеберге, шебер қарапайым шахтерға айтса болды, мәселе шешілді деген сөз. Ал тұрмыстық жарақатта жұмыс беруші өтемақы төлемейді. Шын мәнінде өндірістік жарақаттың кез келген түрінде жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі саналуы тиіс.
Айжан Қуаш, тілші:
Өндірісте жарақат алған бұрынғы шахтерларға жәрдемақы инфляцияға сай төленуде. Регресниктер ол соманы қазіргі кеншілер жалақысының деңгейіне қарай төлеуді сұрап, жылдар бойы шағымданып келеді. Жуырда облыс әкімдігінің араласуымен арнайы комиссия құрылып, мәселені еңбек министрлігімен бірге қарауға уәде берген. Бұл мәселе Қостанай өңірінде қалай шешіліп жатыр? Осы аймақтағы әріптесім айтуға дайын. Заңғар, сөз өзіңде.
Заңғар Санай, тілші:
Иа, Айжан, Тобыл өңірінде өткен жылы өндірістік жарақаттан 18 адам көз жұмған. 142 жұмысшы зардап шекті. Жазатайым оқиғалардың 70 пайызы жұмыс беруші тараптың кінәсінен болатын көрінеді. Мемлекеттік еңбек инспекторлары осындай мәлімдеме жасап отыр.
Күләй Күлтаева, Қостанай облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы:
Өндірістік салада жиі зардап шегетіндер, біріншіден, тау-кен саласында көп кездеседі. 20 пайыз сол саланы құрайды. Одан кейін құрылыста 15 пайызға жуық. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жиі кездеседі. Шамамен 10-12 пайызды құрайды.
Бізбен телефон арқылы тілдескен Иван Захаров кезінде кен байыту комбинатында жұмыс істегенін айтты. Үш жыл бұрын өндірістік жарақат алып, аяғы зақымданған. Кейін денсаулығына байланысты жұмыстан шығып қалған көрінеді. Зардап шегуші әлі күнге дейін сақтандыру өтемақысын ала алмай жүргеніне ашынады.
Иван Захаров, зардап шегуші:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің нұсқауында азаматтардың конституциялық құқығын бұзатын тұсы бар. Мәселен, өндірістік акт алты айдың ішінде берілмесе, зардап шегуші сақтандыру өтемақысынан қағылады. Ал жұмыс беруші болса, уақыт созып, әлгі құжатты қолыңа тигізбейді. Менің жағдайым дәл осылай болып тұр. Енді соны сотта дәлелдеуім керек. Жұмыс барысында жарақат алғаным жайлы құжаттар түгел бар. Өндірістік жарақатыма байланысты мүгедектік әлі белігінген жоқ.
Заңғар Санай, тілші:
Еңбек
инспекциясы келтірген ақпарға жүгінер болсақ, былтыр облыста өндірістік жазатайым оқиғалар 3,5 пайызға
артқан. Ал биыл жыл басынан бері 28 адам зардап шегіп, төртеуі қайтыс болған.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға төмен.