Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда "тоқ ұрлады" деп айыпталған зейнеткерге қатысты сот басталды

  • AstanaTV
  • 25 сәуір 2018
  • 3610

Павлодарда электр қуатын ұрлады деп айыпталған зейнеткерге қатысты сот процесі басталды. Жергілікті монополистермен айқасқа шыққан Ұлар Манан әділдікке жеткенше тынбауға белін бекем буған. Оның қорғаушысы істі егжей-тегжейлі тексеру қажет деген пікірде. Бұған толтырылған актідегі кереғарлықтар себеп болып отыр. Сот залынан әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы.

Арызданушы Ұлар Манан отбасымен бірге бес айдан бері қара түнекте жан бағып келе жатыр. Сәуірдің басында алдын-ала тыңдалыммен шектелген сот процесінің негізгі отырысы бүгін басталды.

Жиналғандар қарасы тым аз. Тіпті зейнеткердің өзі де келмеген. Оған аудармашының жоқтығы себеп болған көрінеді. Бірақ қорғаушысы келесі отырысқа міндетті түрде келетінін айтты. Электр жабдықтаушы кәсіпорын мен тұтынушы арасындағы дау-дамай өткен жылы желтоқсанда басталған. Жоспарлы тексеру өткізген инженерлер «тоқты заңсыз пайдаланды» деп зейнеткердің мойнына 930 мың теңге айыппұл салады. Монополистердің пікірінше, жалғызбасты ана электр есептегіш құралдың схемасын өзгерту арқылы үш жылдай ұрлап келіпті. 

Қуандық Жетпісбаев, «Павлодар электр желісін үлестіруші компаниясы» АҚ инженері:

Бағандағы тоқ желісін ауыстырған. Яғни нольдік және фазалық сымдардың орнын ауыстырып, қосқан. Сөйтіп, тоқ есептегіш құралдың схемасын өзгерткен. Біздің ойымызша, ол бағанның басындағы сымдардың орнын ауыстырып, тоқ ұрлаған.

Қарияның қорғаушысы бұл уәжбен келіспейді. Оның айтуынша, егде жастағы әйелдің өз еркімен бағандағы сымды ауыстыруы мүмкін емес. Оның үстіне тоқ «артығымен пайдаланылды» деген шағын станциядан Қызылжар ауылының 45 тұтынушысына электр үлестіріледі. Сот барысында инженер тек 12 үйдің есептегіші тексерілгенін айтты.

Виктор Лейнвебер, Ұ.Мананның қорғаушысы:

Менің қорғауымдағы Манан тоқ төлемдерін ай сайын өтеп отырған. Судья оған нолдік сымның не қажеті бар деген сұрақ қойды. Анықталғандай, ол шығынды үнемдеу үшін керек екен. Сотқа келген үшінші тарап барлық түбіртекті қарап, тексерді. Бірақ олар ондай үнемдеудің жоқтығын айтып отыр. Азаматша Манан төлемдерді көршілері сияқты үздіксіз төлеп отырған. 

Қорғаушының сөзінше, қария қаңтардан бері жарықсыз отыр. Бұл жағдай тағы қаншаға созылары белгісіз. Өйткені тараптарды тындаған судья істі жан-жақты тергеу керек деген пікірге қосылды.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Сөйтіп, бұл дерек бойынша қосымша сот-техникалық сараптамасы тағайындалды. Процесс оның қорытындысынан кейін жалғаспақ.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ