Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда жатақхана тұрғындары көшіруді сұрап отыр

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2018
  • 3866

Атырауда жатақхана тұрғындары көшіруді сұрап отыр. Олар «ит байласа тұрғысыз жағдайда» өмір сүріп жатқандарын айтады. Олар ескі ғимараттың астында қаламыз деп қорқады. Билік өкілдері 2015 жылы көшіруді уәде етіпті. Төзімі таусылуға шақ қалған 100 отбасының мұңын арқалаған белсенділер біздің арнамызға шағым айта келді. 

Мынау менің үйім. Жаңбыр деген төбеден шелектеп ағады. Мынаның астына қалай тұрамын, төбеден түсіп жатыр бәрі.

Бұл зейнеткер Мәлика Төребаеваның баспанасы. Жаңбыр мен қар суы төбеден аққан кезде, бөлме түгілі төменгі қабаттағы пәтерлерде көл болды, дейді. Қазір қабырғалар көгеріп, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тұруға жүрексінген отбасы бас сауғалап жүргендерін айтты. Қария құрбысының үйін паналап жүрсе керек. Ал, оның жақында ғана босанған көршісі сыз тартқан бөлмелерде балаларымен тұруға мәжбүр.

Марфуға Сахуова, қала тұрғыны:

Міне кішкентайым бар, ақпанда босандым, осымен екінші рет ауырып жатырмыз. Үйде сырость, токтардың бәрі шығып тұр. Ақша жинап жасасақ, қайтып үзіле береді. Бәрі шіріп тұр. Қабырғалар құлай береді, ағаштар, полдар жүргенде дыбыс шығарады. Тырсылдап, мынау құласа, бәріміз өліп қаламыз ба? Былтыр айтып еді, ақша бөлініп жатыр, үй салынады деп... Биыл барғанда әлі қаражат бөлінбеген.

Бұл үйде дәл осындай жағдайда 100 отбасы тұрып жатыр. Салынғанына 44 жыл болған бұл ғимарат әу баста балықшылар дайындайтын оқу орны болыпты. Ал осыдан 20 жыл бұрын халыққа тұрғын үй ретінде бөлмелері бөліп берілген. Содан бері жібі түзу жөндеу көрмепті. Тұрғындар, қабырғаларда жарық пайда болды, дейді. Көп қабатты үйде кәріз жүйесі де істен шыққан. Тұрғындар шайынды суды шелектеп сыртқа төгіп амалдайтындарын жеткізді.

Нина Мелешкина, қала тұрғыны:

Үй отырып жатқан секілді,  менің бөлмемде екі елі жарық пайда болды. Жұмыста отырғанда «қабырғам құлап қала ма» деп қорқамын. Ақша болса немесе ипотекамен үй алатындай жалақым болса, 1 күн де тұрмас едім бұл үйде. Қыста егеуқұйрық, көктем болды, тышқандар шауып жүр. Біз тек ағатқыш пен ауа сергіткішке жұмыс жасап жатырмыз.

Қала билігі жуырда бұл жатақханадағы тұрғындармен кездесіпті. Баспана "тұруға жарамды ма, жоқ па" оны арнайы комиссия ғана анықтайтынын, сондықтан құжаттарын жинауға кеңес берген. Ал, дәл қазір барлығына дайын тұрған баспана жоқ екенін кесіп айтты.

Серік Шапкенов, Атырау қаласының әкімі:

Қағаздарын  барлығы заңға сәйкес берілді. Соларды толтырып тапсырады. Мынау апатты жағдайда екен, ертең-ақ мені көшіре салу деген Заңға сәйкес жоқ. Дайындалған уақытта өзімнің орынбасарыммен комиссия құрылды. Солармен тіке жұмыс істейді.

Әкімнің есебінше, шаһарда 15 жатақханада жағдай осындай. Одан бөлек 22 апатты және 30-ға тарта тозығы жеткен үй бар деді. Биыл екі мыңдай пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның кімдерге бұйырары әзірге белгісіз. Ал қалада 20 мың адам пәтер кезегінде тұр.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ