Русский Сайттың толық нұсқасы

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақы өспейді.

  • AstanaTV
  • 05 мамыр 2018
  • 13206

Премьер-министр «дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша маманды көтермелеп беретін қаржыны көбейту керек емес», деп жауап берген мәселе қозғап, сауал жолдаған сенаторларға. Ал негізі, бұл сауалдың жауабын барлық дерлік аймақтағы ауылға маман апара алмай отырған шенділер де күтіп отырған. Себебі 70 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі көтерме жәрдемақыға көндіру қиын. «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы жаңғырық күйі қалатын жобалардың қатарына қосылмағанын жан-тәніңмен қалайсың. Ауылдарда мұғалім мен дәрігер болмаса, көрген күндері қараң ғой... Айзада Төребекқызының материалында үмітті үзгізбейтін детальдар бар. Бірақ...      

Шымкенттік Мөлдір Алтынбекованың мамандығы –жалпы тәжірибелі дәрігер. Оған денсаулық сақтау басқармасындағылар  үш бірдей ауданнан жұмыс ұсыныпты. «Дипломмен ауылға» баруға алғашында жүрексінгенмен, қазір "тәуекел" деп отыр.

Мөлдір Алтынбекова:

Маған үй беріліп жатса, әлеуметтік көмектер көрсетіліп жатса, қаржы жағынан да, сонымен қатар ол жақтағы білікті мамандардан мен білімімді, тәжірибемді әрі қарай арттырып жатсам, бұл мен үшін өте жақсы көмек деп санаймын.

Ал бұл –Арай Нәренова. 26 жастағы келіншек Мақтарал ауданының орталық ауруханасының дәрігер-статисті. «Дипломмен ауылға» орналасқанына екінші жыл. Айтқандай, оның жолдасы да сонда терапевт -дәрігер болып жұмыс істейді. Арай денсаулық сақтау басқармасы арқылы қосымша берілетін 500 мың теңге - бір реттік көмекке құжат туралап жүр.

Арай Нәренова, Мақтарал аудандық ауруханасының дәрігер-статисті:

Әлеуметтік көмек алғашында 100 мың берілді. Қазір осы «Тұрғын үй құрлыс жинақ банкінен» шот аштыруға келдім. Жалпы «дипломмен ауылға» бағдарламасы біз үшін тиімді, үлкен көмек болды.

Мұхтар Сейітжаппаров, ОҚО отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары:

Бірінші кезекте ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласының мамандарын яғни терапевт, хирург, тіс дәрігері осы мамандықтар бойынша. Ал білім саласы бойынша физика пәнінің мұғалімі, математика пәнінің мұғалімдері, одан кейін жаратылыстану пәнінің мұғалімдеріне сұраныс көп.

Күнгейде медицина саласында 195 маман тапшы, оның ішінде ауылды жерде 60 орын бос тұр. Денсаулық сақтау басқармасындағылар мамандарды ауылға тартудағы бір амал - оларға берілетін материалдық көмектің көлемін ұлғайту деп санайды.

Ермек Тәжімұрат, Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

2017 жылы 23-қазандағы облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап ауылға, ауылдық жерге жолданатын әрбір маманға басқарма тарапынан әлеуметтік көмек ретінде 1 млн теңгеден қазіргі таңда беріп жатырмыз қаңтар айынан бастап. Ол маман бес жыл сол ауылда қызмет жасауы керек.

Айзада Төребекқызы, тілші:

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша, мамандарды ауылға жіберуден әзірге Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Былтыр аймақта 905 адам ауылды жерге жұмысқа орналасқан. Оның ішінде білім беру саласы бойынша - 677, денсаулық сақтау саласы бойынша -173, әлеуметтік қызмет саласы бойынша  - 3 маман, мәдениет саласында - 9, спорт саласы бойынша - 9 адам, агроөнеркәсіп кешені саласы бойынша 34 адам жұмысқа орналасты.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2017 жылы жұмысқа тұрғандардың саны бойынша Алматы облысы екінші тұр. Мұнда 537 маман біржолғы көтермелеу жәрдемақысын алыпты. Маңғыстау облысында 502 адам дипломмен ауылға жол тартқан. Батыс Қазақстанда 487 болса, көш соңында – Атырау облысы. Онда 127 маманның  64-і ғана ауылға тұрақтаған. Ал Қызылорда облысында ауылған барған маман саны 198.

Десе де Сыр өңірінде ауылдық жерлерде медицина мамандарына сұраныс бұрынғыдан едәуір төмендепті. Қазір 95 процент қамтылған. Ол аталған жобаның нәтижесі, дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері. Енді облыс орталығының өзіне жетпей жатыр. 121 дәрігер қажет.

Зауреш Сарыбаева, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының персоналды басқару және ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

Бізге келген 143 маманның 54 пайызы ауылдық елді-мекендерге жіберілді. Өйткені резидентурасыз тек жалпы тәжірибелі дәрігер, терапевт, хирург мамандары ғана ауылды жерде немесе бастапқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарында жұмыс істей алады. Иә, әлеуметтік пакеттің рөлі зор. Учаскелік дәрігер мәртебесі үшін ақша алады, ауылдық пайыздар бар қосылатын, десе де берілетін көтерме ақының көлемі аз. 70 айлық есептік көрсеткіш. Біз оны 200 айлық есептік көрсеткішке көтеру туралы үкіметке хат жаздық. 

Расында кадрды ауылға тұрақтатудың  негізгі жолы - материалдық жағдайын жасап беру. Мемлекет тарапынан берілетін көтерме жәрдемақы мен баспана алуға берілетін қаражат көлемін өсірмесе жағдай тұрақталмайды -дейді салаға жауаптылар. Өйткені ауылды жердің өзінде баспана арзан емес.

Елдос Нұржанов, ОҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы:

Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғын үйлердің бағалары орташа есеппен 5 млн. теңгеден асады. Осыны ескере отырып, ауылды жерлерге жұмыс істеуге немесе сонда тұруға келіскен мамандарға тұрғын үй сатып алуға немесе өздері үй салу үшін берілетін бюджеттік кредит мөлшерін  1 500 айлық есептік көрсеткіштен 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жөнінде облыстық әкімдік тарапынан Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс жолданған. Бүгінгі таңда сол ұсыныстың нәтижесін күтудеміз.

 -Анализді қай уақытта тапсырдыңыз? - Екі жұма бұрын...

Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің 7-ші курсында оқитын Олимжан Байталиев та екі айдан соң ауылға жол тартады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Абай ауданының орталық ауруханасына жолдама алған. Онда тұратын үйі дайын. Жергілікті билік медбике болып істейтін келіншегін жұмысқа орналастырып, екі баласын бақшаға жайғастыруға уәде етіпті.

Олимжан Байталиев, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенті:

Маған берген үйді көрдім. Олардың төрт бөлмелі үйі бар. Ішінде бәрі ремонтымен бар. Қысты күні көмірін, отынын бәрін түсіріп береді. Подъемный әйелім екеумізге есептегенде  где то 600 мың беретін болды. (больница 150 мың береді, әкімдік 150 мың береді. Маған 300 мың болса, әйеліме де 300 мың береді).

Олимжан егер жағдай жасалса өзі секілді талай маманның ауылдан бас тартпайтынына сенімді.

Олимжан Байталиев, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенті:

Көтерме жәрдемақыға тағы кішкене қосып беретін болса, онда ол жерге барады студенттер.

Алайда үкімет көтерме жәрдемақыны өсірейін деп отырған жоқ. Премьер-министр сенаторлардың сауалына берген жауабында "жоқ, көтермейміз", деген. Ал кеше Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев бірыңғай зейнетақы қорынан банктерді қаржыландыруға тағы да ақша бөлінетінін айтты. Бұл жолы да аз емес - 200 млрд теңге...

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».