Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қолөнер декорациялық сипатта ғана қалды». Ұстаның мұңы.

  • AstanaTV
  • 05 мамыр 2018
  • 6094

«Қолөнер декорациялық сипатта ғана қалды», деп налиды белгілі ұста Махмұт Құлментегі. Олар негізі үш ағайынды. Құлментегілердің өнері туралы кезінде атақты «Огонек» журналында бір емес, екі рет материал басылған. Ұсталарға қамқорлық керек екенін әңгімелей келе, ата-бабаларымыз қолданған сауыт-сайман, қару-жарақты қалпына келтірудің тарих үшін де, өнер үшін де маңызды екенін ескертеді. Рухты көтеретін күші бар. Ал рухы биік адам құл болмайды. Алайда айтып отырғанындай, ұсталық өнер тәуелсіз ел болғалы бері де дамып жатқан жоқ. Алпыстан асқан Махмұт ұстаға ғана керек пе? Ол«темірді қызған кезінде соғып» жүрсе де, ой еңбегі мен күш-қайратты қажет ететін ұсталық өнердің бағаланбайтыны туралы Ришат Асқарбекұлының репортажы. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Алматы төріне бозбала кездерінде қоныс аударған ағайынды Құлменовтердің әкесі 1977 жылы мына баспананы сатып алыпты. Сол сәттен бастап Жетен ақсақалдың үш ұлы теміршілік пен ұсталыққа адал қызмет етіп келеді.  Ата-бабамыз қолданған қару-жарақ пен сауыт-сайманды, тұрмыстық бұйымдарды философиялық астарын зерттей отырып, ғылыми негізделген нұсқаларын дүниеге әкелумен айналысты.

-Әрбір ұста жұмыс бастар алдында "менің қолым емес, тәңірім істеп тұр" дейді. "Мен" деген эгоисттікті жеңу үшін осыны міндетті түрде айту керек. Менің қолым емес, тәңірімнің қолы...

Тұрсынжан, Айтберген және Мах­мұт. Былайғы жұрт оларды ағайынды Құлменовтер деп таниды. Ағалы-інілі ұсталардың есімдері ел шеңберінен шығып кеткен. Түркия оларды түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін мойындаған. Ал Германиядағы Кельн этнографиялық музейінің әлемдік каталогында есімдері бедерленген.

Айтберген Құлментегі, Қазақстанның мәдениет сіңірген қайтарткері, ұста: 

Жалпы Қазақстандағы бүкіл облыстарда атақты батырлардың музейі, барлығында біздің еңбектеріміз тұр. Ол музейге апарып зорлап ешкім қойған жоқ. Ол жерде де ғылыми комиссия болады, арнайы тексереді сол жерде тұр осының барлығы.

Темірді қамырша илеп, қару-жарақ жасаудың шеберлері әкеден қалған баспананың ары-бері бес қадам ғана болатын ауласын шеберхана ретінде әлі пайдаланады. Төбесі қалқаланып, қабырғалары қамыспен өрілген алаңқайда ұсталардың көрігі мен ошағы ешқашан сөнбеген. Аптапқа да, желге де, тіпті аязға да қарамастан теміршіліктің тіршілігі қайнап жатады.

Кеңестік жылдары ұлттық руханиятты дәріптейтін теміршілер аяусыз жазаланды. Көнеден келе жатқан дәстүрлі өнердің адымын аштырмай қойды. Халықтың  рухын оятады деп отарлаушылардың зәресі ұшты. Бірақ Құлменовтер қорыққан жоқ.

Махмұт Құлментегі, Қазақстанның мәдениет сіңірген қайтарткері, ұста:

Қазақтың -соншама тереңдеп, ескі, көне халық екенін, әрқайсысының атау қойғанын, әр темірдің өзінің заттай атаулары бар екенін, оның жасы, қатты екенін, қалай қосқанда асыл болатынын, бәрін халық өзі ғасырлардан бері алып жеткізген екен. Ал енді соны кешегі совет үкіметі кезінде қолданбай далада қалды. Әуелі оған қарсы "Ұлтшылдық" деген нәрсені таңды.

Тәуелсіздік алған соң, ұлттық жаңғыру басталды. Ағайынды ұсталардың да  серпілуіне мүмкіндік туды. Шетелдік көрмелерге жол ашылып, саф өнерге жеке топтамашлар мен мұражайлар тапсырыстар бере бастады. Аядай шеберханаға зиялы қауым да жиі бас сұғатын болды.

Тұрсынжан Құлментегі, Қазақстанның мәдениет сіңірген қайтарткері, ұста:

Осы кішкентай үйге бүкіл дүние жүзінен іздеп келді.  Біз шақырған жоқпыз оларды. Олар іздеп келді. Қазақ деген қандай халық? Ол халықты білу үшін, оның өнерін, оның тарихын білу керек деп. Бұл өзімізге ғана керек. Қазаққа ғана керек. Бұны сен жасай алмайсың, бұл тек қана үкіметтің қолдауымен ғана болатын нәрсе.

Теміршілер энтузиазмнің жетегінде жүріп, уақыттың қалай өткенін сезбей қалдық, дейді. Иә, олардың киелі өнердің нақ иелері екенін жұрт мойындады. Бағаламаған тек биліктегілер дейді, шеберлер. Ұлттық құндылықты дәріптейміз деп жүргеніміз кейде «жалаң патриоттық сияқты көріне ме?» деп қаламыз дейді, олар. От көсеп, көрік қыздырып жүргенде, әулеттің тұрмыстық-әлеуметтік жағы да ақсап қалыпты.

Тұрсынжан Құлментегі, Қазақстанның мәдениет сіңірген қайтарткері, ұста:

Мынандай кішкентай жерде әкеміздің, шешеміздің үйінде бүкіл ағашты киып тастап, шеберхана жасап бәленбай жыл жұмыс істеп, содан кейін анандай пенсияға шығу деген ол -ұят нәрсе. Оны айтудан ұяламыз әрбірден соң.

Олардың ешқашан атақ-даңққа, ел қатарлы баспана салып, дүние қууға қолы тиген жоқ. Көп уақыттарын шеберханада, одан қалса, көрме сөрелерінің маңында өткізді. Сондықтан болар, әулеттің үлкені Тұрсынжан аға зейнетақының ең төменгі мөлшерін алады. Жүрегіне бірнеше рет ота жасатқан, қазір еңбекке жарамсыз. Ал отбасының ортаншысы Айтберген соңғы жылдары бүйректің созылмалы дертіне шалдығып, тек емделумен күн өткізіп жүрмін, дейді. Қазір ошақ пен төстіктің ортасында жүрген жалғыз Махмұт Құлментегі.

Махмұт Құлментегі, Қазақстанның мәдениет сіңірген қайтарткері, ұста:

Мына қару-жарақтың кілтін аштық, жоғалып кеткен қарулардың түрін қалыптастырдық. Санасына үлкен қызмет жасадық деп ойлаймын.

Ұлттық өнер, оның ішінде көптің қолы бара бермейтін теміршілікті дәріптеп жүрген ағайындылардың ең асыл арманы - заманға сай ұстаханаға иелік етіп, шәкірт тәрбиелеу. Жас ерекшеліктеріне орай суық жерде жұмыс істеу енді мүмкін емес. Мына үндеуді Президенттің атына ұлт қаймақтары Мұрат Әуезов, Олжас Сүлейменов және Роллан Сейсенбаевтар он жыл бұрын жолдаған. «Бесеудің хаты» деп аталатын жолдамаға Елбасы жауап қатып, сол кездегі Алматы әкімі  Иманғали Тасмағамбетовке тапсырған. Бірақ ел ішінде «өнер жанашыры» деп мойындалған бұрынғы қала басшысы мәселенің күрмеуін шешіп бере алмаған.

Махмұт Құлментегі, Қазақстанның мәдениет сіңірген қайтарткері, ұста:

Бұған міндетті түрде мемлекет тарапынан ба, бизнес тарапынан ба көмек керек. Өйткені  жұмыс өте ауыр, одан кейін бала-шағаңды қосып бағуың керек. Оның екеуін ұстап тұру үшін үлкен күш керек. Міне жасымыздың өзі 60-қа келді. Біз өз күшімізбен әр нәрсесін сатып алып жасап, осы уақытқа жеткіздік.

Тұрсынжан Құлментегі, Қазақстанның мәдениет сіңірген қайтарткері, ұста:

Біз ешкімнің өнерін украиннің немесе басқа орыстың өнерін қысып жатқанымыз жоқ. Біз өз елімізде тұрып, өз өнеріміздің дамуына, жоғалып кетпеуіне міндеттіміз, әрбірден кейін үкімет міндетті оған. Шеберхана салу миллиард доллар тұрмайды.

Ескі үйдің «времянкасын» теміршілер этно­графиялық мұражайға айналдырыпты. Шекара асып, әйгілі Викингтердің ұрпақтары  келгенде, ағайынды шеберлер ұлтымыздың теміршілік, ұсталық өнерін осы аядай бөлмеде таныстырған.

Махмұт Құлментегі, Қазақстанның мәдениет сіңірген қайтарткері, ұста:

Бұл өнерді қорғайтын заң жоқ. Мысалы, киношниктер де жылап жатыр ғой, қорғайтын заң жоқ деп. Бізде де сол... Мына көрші Өзбекстан сол өзінің шеберлерін қорғау арқылы, мемлекетке 41% пайда түседі екен. Ал біздікі 13% екен. Статистиканы қарасаңыз. 13% ол- сувенирден.  Ал енді олар не істейді дейсіз? Олар шеберге шеберханасын жасап берген, базарда сататын орын дайындап берген, содан кейін сату мәселесін мемлекет өзі көтерген. Аналар жасап, құнын алады, ал қалғанын мемлекет өзі қосып сата ма, өзі пайдасын шешеді.

Ұзақ жылдар бойы қысымға түсіп, елеусіз қалған теміршілік қайта тірілгендей болған еді, дейді шеберлер. Бірақ бәрі қайтадан сағымға айналған. Саналы ғұмырын теміршілік өнеріне сарып еткен ұсталардың шынында тоқырау кезеңін бастан өткеріп жатқанын байқадық. Біздің уақытта бұл өнерді ішінен білетін санаулы адам болса, олар- ағайынды Құлменовтер.

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».