Русский Сайттың толық нұсқасы

Трамптың Иранмен ядролық келісімнен шығу бастамасын Франция, Ұлыбритания мен Германия құптамайды

  • AstanaTV
  • 11 мамыр 2018
  • 3179

Дональд Трамптың Иранмен жасалған ядролық келісімнен шығу туралы бастамасын Франция, Ұлыбритания мен Германия құптамайды. Бұл туралы неміс канцлері Ангела Меркель Иран президентімен әңгімелесу барысында айтқан. Оның сөзінше, ресми Берлин халықаралық келісімнен бас тартпайды. Еуропаның өзге екі ірі мемлекеті де осындай ұстанымда. Олар Иранда жұмыс істеп жатқан компанияларының мүддесін соңына дейін қорғауды қалайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Индиана тұрғындары алдында өзінің ядролық келісімнен бас тарту себебін түсіндіріп тұр. Америкалықтарды халықаралық жағдай емес, жұмыссыздық жайы қаттырақ алаңдататын сыңайлы. Алайда Трамптың бұған назар аударатын ниеті жоқ.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Біз Иранға қарсы ең қатаң санкцияларды енгіземіз. Сондай-ақ ұтымды келісім жасасамыз деген ойдамын. Қалай болғанда да, біз олардың ядролық қаруға иелік етуіне жол бермейміз.

Бұл бастаманы Ресей мен Қытай да, Еуропа елдері де қолдамайды. Вашингтонның үш одақтасы ештеңеге қарамастан, ядролық мәміледе қаламыз деп шешкен. Айта кетейік, бұл мемлекеттер өздері "халықаралық дипломатияның ірі жетістігі" деп бағалаған ауқымды келісімді құруға АҚШ-пен бірге атсалысқан еді. 

Мануэль Макрон, Франция президенті:

Еуропа  тұрақтылықты қалайды, біз маңызды құжатқа қол қойдық және соңына дейін осы ұстанымда қаламыз. Иран да осылай етеді деген ойдамыз. Үш жыл бойғы еңбек зая кетпеуі керек. Өкінішке орай, Иран мен Израильдің қақтығысына куә болдық. Ахуалды ушықтармау ушін сақ болуымыз керек 

Ал осы тұста Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлескен Ангела Меркель "Германия, Франция мен Ұлыбритания ядролық келісімді жақтайды" деді. Бұл туралы Бундестагтың ресми сайты жазады. Кәрі құрлық елдері Вашингтонға жағыну үшін өз бизнестерін құрдымға кетіруді қаламайтын сыңайлы. 40 млрд долларға келісім жасасқан Boeing пен Airbusтың мүдделері таразыға түсіп тұр. The Wall Street Journal-дың хабарлауынша, немістің Siemens-і мен француздың Total компаниясы да тәуекел аясында. Трамтың бастамасына қатысты сарапшылардың да айтары бар.  

Тьерри Ковилл, Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері /Франция/:

Меніңше, Трамптың бастамасы қауіпті. Аймақта тұрақсыздық орын алуы мүмкін. Егер Иран уран байытуды 20 пайызға ұлғайтса, не боларын ешкім болжай алмайды. Ядролық келісім аясында қалу арқылы ғана біз Тегеранға сенеміз, ал ол бізге сенетін болады. 

Алайда, сенім туралы әңгіме айту қиындап бара жатқан тәрізді. Әсіресе атқыш зымырандар төңірегінде. Санкциялар күшіне енген кезде қандай өзгеріс орын алары белгісіз. Ал бизнесі енді ғана дами бастаған Тегеранда мүлде басқа көрініс. Адамдар Американың тулары мен келісімнің көшірмесін отқа жағып жатыр.