Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында 23 медицина қызметкерінің сертификаттары жасанды

  • AstanaTV
  • 11 мамыр 2018
  • 2969

Қарағанды облысы полицейлері медицина қызметкерлерінің жалған  сертификаттарды қайдан алғанын анықтамақ. Бірден 21 жалған құжаттың Теміртау қалалық №1 емханасынан анықталуы үлкен күдік туғызып отыр. Сондықтан ақ халаттылардың емдеу ісіне рұқсат қағаздарды кімнен, қалай алғандары тергеу барысында анықталмақ. Бұл туралы бүгін аймақтың бас санитарлық инспекторы Ольга Смирнова айтты.

Ольга Смирнова, Қарағанды облысының бас санитарлық инспекторы:

23 медицина қызметкерінің сертификаттары жасанды болып шықты. Барлық материалдар Қарағанды облыстық ІІД-не жіберілді. Сертификаттардың қалай алынғанын анықтау біздің құзырымызға жатпайтындықтан, барлық жағдайды тергеу органы анықтайды.

Жалпы 23 оқиға анықталған. Екеуі Балқаш және Жезқазған қалаларында тіркеліпті. Қалғандары Теміртау емханасының медбикелері, фельдшерлері мен лаборанттары. Барлығының орта мамандық иелері екенін растайтын дипломдары бар. Аталған мекемеде олардың алды 15 жыл, кемі 1 жылдан бері жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, ережеге сай медицина қызметкерлері 5 жылда бір рет республикалық тәуелсіз емтихан орталығында сынақ тапсырып, жұмыс істеуге рұқсат беретін сертификат алуы тиіс. Алайда бұл электронды құжат тексеру барысында ақпараттар жүйесінде тіркелмеген. Ақ халаттылар заңды сертификат алмастан, кадр бөліміне жалған қағаздар тапсырып келген. Кінәлілер 5 АЕК көлемінде айыппұл төлеп, қайтадан сынақ тапсырып, бұрынғы жұмыстарында қалған. Емхана басшылығы қалыптасқан жайтты қызметкерлерінің компьютерлік сауатсыздығымен байланыстырады. Айтуынша, медицина саласындағы жаппай электрондандыру шарасынан біраз адам абдырап қалған.

Гүлнәр Есемсейіт, Теміртау қалалық №1 емхана директоры:

Дөп басып айту қиын, әрине, әркімнің өз уәжі бар. Өте ұят нәрсе. Дегенмен жұмыста қателеспейтін адам болмайды. Барлық базаны тексердік, қалған қызметкерлерімізде бәрі дұрыс.