Русский Сайттың толық нұсқасы

Шенділердің қатысуымен болған жол апатына байланысты істі Әдеп кеңесі қарайды

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2018
  • 2965

Риддерде шенділердің қатысуымен болып, адам өлімімен аяқталған жол апатына байланысты істі Шығыс Қазақстан облыстық Әдеп кеңесі қарайды. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің өкілі хабарлады.

Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев мас күйінде қымбат көлігімен 19 жастағы тұрғынды қағып кеткенін бұдан бұрын хабарлаған едік. Жас жігіт ауыр соққыдан жедел жәрдем жеткенше көз жұмған. Айыпталушы қызметінен шеттетіліп уақытша изоляторға қамалды. Жол-көлік оқиғасы кезінде көлікте Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев та болған. 

Жанна Қабдолдақызы, ШҚО Мемлекеттік қызмет істері және СЖҚК департаменті басшысы:

Тұмабаевтың әрекетіне тергеу органдары әлі баға берген жоқ, сондықтан ол куәгер ретінде қалып отыр. Қызметінен шеттетуге негіз жоқ. Өскемен қаласының әкімі ретінде өз міндетін атқарып жатыр. Құрманбаев пен Тұмабаевқа қатысты мәселені Әдеп кеңесі қарап өз бағасын береді.

Ал жол апатында опат болған жігіттің әкесі шенеуніктердің қатысымен болған оқиғаны әділ қарауды соттан сұрап халықтан қол жинап жатыр. Оның айтуынша, петицияға 4 мыңдай адам қол қойып үлгерген.