Русский Сайттың толық нұсқасы

Маңғыстау өңірінен бастау алған экспедиция өткен күннің құпияларын ашуға ниетті

  • AstanaTV
  • 16 мамыр 2018
  • 4683

Томирис қай жерде патшалық құрды? Маңғыстау тарихы қалай қалыптасты және Иран мен Қазақстанды не біріктіреді? Маңғыстау өңірінен бастау алған экспедиция мүшелері өткен күннің осы және өзге де құпияларын ашуға ниетті. Оның құрамында Ресей археологтары, Әзірбайжан тарихшылары, Түркияның профессорлары мен Қазақстанның бір топ ғалымдары бар. Игі шара Елбасының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласы аясында ұйымдастырылып отыр. 

16 адамнан тұратын ауқымды экспедиция Маңғыстау өңірін зерттеуге аттанды. Сапардың алғашқы күнінде олар жерастында орналасқан Сұлтан-епе мешітінде болып, Айрақты тауына шықты. Кейін Когез этноауылды аралады. Әзірбайжандық ғалым Сафар Ашуров бұл аймақты аралауды көптен бері ойға алғанын айтады. Енді міне, жылдар бойғы арманы орындалып отыр.

Сафар Ашуров, тарих ғылымдарының кандидаты, Әзірбайжан:

Бұл ерекше экспедиция болмақ. Өйткені, бәріміз үшін бұл өңір тұнған құпия. Маңғыстау киелі мекен,мұнда қасиетті жерлер көп. Зерттейтін дүние де жетерлік. Сондықтан, экспедиция аяқталғанда әлемге ашып айтатын деректер көп болады деген сенімдемін.

Шараның басты мақсаты - өңірдің тарихи-мәдени мұрасын тереңінен зерттеу. Тарихи ескерткіштер мен киелі жерлер туралы құнды ақпарат жинап, әлемге таныту.  Экспедицияуу бірнеше аптаға созылмақ. Осы уақыт аралығында ғалымдар 2 мың шақырым аумақты қамтуды жоспарлап отыр.

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

Қасиетті киелі Маңғыстауымызды Қазақстанда емес, Дүниежүзіне көрсетсек деген ойлар ортағы салынған болатын. Соның жалғасы бүгін осы Әнес ағамыз бастаған үлкен ағалардың ортаға келуі

Экспедиция қатысушылары үшін бұл сапар есте қаларлықтай болмақ. Олар 14-17 ғасырдағы Ноғай кезеңіне еніп, өткен ғасырдың 20-30 жылдары туралы этнографиялық ақпаратты жинайды. Зерттеушілердің айтуынша, игі бастама Түркі халқының археологиясын зерттеуге жол ашады

Светлана Белоруссова, тарих ғылымдарының кандидаты, Санкт-Петербург:

Мен ортақ жобалардың боларына сенемін. Біздің қорымызда Манғышлақтан көптеген жәдігер бар. Арасында өңделмегендері де жетерлік. Осындай шаралар арқылы біз бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, белсенділікті арттыруға жол ашамыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған экспедиция Маңғыстау өңірінің мол тарихы мен құпияларын ашуға септігін тигізеді,- дейді ғалымдар.

Әсемгүл Мұхитқызы