Русский Сайттың толық нұсқасы

Мектептерде тегін IT-сыныптар ашылуда

  • AstanaTV
  • 23 мамыр 2018
  • 10325

Алдағы үш жылда елімізде мыңдаған тегін  IT-сыныптар  ашылады. «Нұр Отан» партиясы ауқымды жобаны қолға алды. Жергілікті әкімдіктер, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар да бұл істен шет қалмайды.  Бүгін партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бірқатар білім ошақтарында болды. Тың жоба бойынша ашылған жаңа аудиториялардың жұмысымен танысты.

Астанадағы №73 мектеп-лицейінде мың жарым бала білім алып жатыр. Олар үшін химия, физика, биология, сондай ақ STEM-зертханалары ашылған. Бұл орталықтар шәкірттерге барлық пәнді біріктіріп, теориялық білімді іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді

Гүлнұр Ерсайынқызы,  №73 мектеп-лицейі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары:

5,7 және 1,2-ші сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнына көшуіне сай біздің мұғалімдердің көбі әртүрлі курстардан өтіп, соның ішінде биылғы оқу жылында PBL жобалау технологиясы бойынша біз 20 мұғалімді курстан өткіздік.

Оқушылар үшін робот техникасы, логика мен компьютерлік модельдеу бойынша арнайы курстар енгізілген. Жаңа бағдарлама көмегімен балалар 3D нысандар мен виртуалды қалаларды құрастыра алады. Ал мына кабинет гугл-офис секілді жарақталған. Балалар математикалық ойындардың көмегімен онлайн режимде логикалық ойлау жүйесін жетілдіреді. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, болашақта дәстүрлі мамандықтарды жаңа кәсіп иелері алмастырады. Сондықтан қажетті мамандарды қазірден дайындау қажет.

Мәулен Әшімбаев,  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бұл кластардың басты мақсаты балаларды қазіргі ең бір қажетті мамандықтарға үйрету. Оның ішінде робото техника мамандығы бар, бағдарламалау мамандығы бар. Біздің жоба бойынша бұл сыныптың барлығы балалар үшін тегін болады. Бұл біздің еліміздегі цифрлы Қазақстан деген бағдарламаны жүзеге асыруға партияның қосқан үлесі деп қарауға болады.

1 қыркүйектен бастап, Астананың 84 мектебінде тегін айти-сыныптар ашылады. Ең алдымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын оқыту жоспарда бар. Мектеп асханаларын жаңғырту арқылы болашақ ұрпақтың денсаулығына көңіл бөлу көзделген. Мәулен Әшімбаев №15 мектеп-лицейінде де болды. Балаларға берілетін тағамның сапасына тоқталған ол кейбір мектептерде стандарттардың сақталмайтынын жеткізді.  Партиялық жоба аясында мектептердегі ас мәзірін бақылау да қамтылған. Ата-аналар комитеті бұл бастаманы қолдап отыр.

Гүлнар Омарова, Астана қаласы бойынша ата-аналар комитетінің төрайымы:

Үйде де, білім ошақтарында да салауатты өмір салты насихатталып жатыр, бұл бағыт өте дұрыс. Бұл маңызды мәселеден ешбіріміз шет қалмауға тиіспіз

«Нұр Отан» партиясы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен ғана шектеліп қалмайды. Осы тың бастаманың аясында жиырмадан астам жаңа жоба қолға алынады деп жоспарлап отыр. Шағын және орта бизнесті қолдап, қоғамдық сананы жаңғырту шаралары да жалғасын табады.