Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Астана экономикалық форумына келген қонақтарды Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығымен таныстырды. Аталған нысан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Бұл шара «Жасыл экономика: тұрақты өсімнің жаңа моделі» панельдік сессиясы аясында өтті. Орталық «ЭКСПО: Болашақ энергиясы» халықаралық көрмесінің негізінде құрылды. Сондай-ақ аймақтағы «жасыл» экономикалық өсімді нығайтуға бағытталған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының жалғасы.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
Бүгінгі таңда ең күрделі сын-тегеуріндердің бірі - экономикалық өсімді, әлеуметтік тұрақтылықты және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Бұл - жаһандық қауіпсіздіктегі маңызды мәселелер. Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде тұрақты даму мен әлемдік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзінің жоғары жауапкершілігін сезінеді.
Сессия жұмысына жаһандық жасыл өсім институтының президенті, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, Францияның индустрия, энергетика және цифрландыру жөніндегі министрі Эрик Бессон секілді танымал әлемдік саясаткерлер қатысты.