Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда қалалық әкімдік қызметкерлері қылмыстық топ құрып, бюджет қаражатын жымқырған

  • AstanaTV
  • 21 мамыр 2018
  • 3095

Қызылжарда тұрғын үй коммуналды шаруашылығы қызметкерлері бюджетке 200 миллион тенгеден астамн шығын келтірген. Олардың ісі 23-ші мамырдан бастап сотта қаралады.  Бұл жайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл ұлттық бюросының өкілдері мәлімдеді. Енді олардың жазасы қандай болмақ? Аймақтағы әріптесім Абзал Құрманкин тақырыпты тарқатады.

Атқамінерлердің жымысқы әрекеті 2015 жылы басталған. Қаржы жымқыруды бөлім басшысының міндетін атқарушы ұйымдастырған көрінеді. Ал осы бөлімнің заңгері, жеке кәсіпкер мен көші-қон қызметінің маманы оның сыбайласы деген күдікке ілінді. Олар бюджет қаражатына көз тігіп, «Жас өркен» шағын ауданына бөлінген ақшаны жымқырып отырған.

Құрылысы жанданған аумақта ескі үйлер жаппай сүріліп жатыр. Ұйымдасқан топ  бас жоспарға енген баспаналарды, әлдекімдердің атына жазып,  өтемақыны өздері алып отырған

Асылбек Идрисов, ҚР СЖҚІҚ бойынша ұлттық бюросы департаментінің  басқарма басшысы:

Қылмыстық топ 2015-17 жылдар аралығында қызметтік өкілеттігін пайдаланып, жер учаскілері мен сүрілуі тиіс үйлерді жалған тұлғалардың атына жазған. Кейін мемлекеттік өтемақы немесе пәтерлерді алып отырған. Шығын көлемі 200 миллион теңгеден асады.

Ұлттық бюро қызметкерлерінің пайымынша мұндай сорақылықтың орын алуына қала атқамінерлерінің де қатысы бар. Яғни олар бюджет қаржысына  тиісті деңгейде бақылау жүргізбеген, деп санайды. Билік өкілдері де мұны теріске шығармайды

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі:

Өкінішке қарай, осылардың кесірінен бірлесе істеген жұмыстарымыз нәтижесіз қалды. Халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсті. Бұндай қылмыстық топтың құрылуына біздің де кінәміз бар. Бұл бізге үлкен сабақ болды. Жемқорлыққа жол бермеу үшін алдағы уақытта мұқият боламыз.

Ұлттық бюро мамандарының сөзінше, бұл іс бүге-шігесіне дейін тергелген. Қазір  сотқа өткізілді.

Айнұр Айтымова, Петропавл қаласы сотының баспасөз хатшысы:

Балдырған Өмірсейітова, Қобылан Өмірсейітов, Жанар Есетова, Медет Сағдиға ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы екінші тармағымен алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Яғни алдау арқылы қомақты сомада өзгенің меншігін бірлесіп иемденгені үшін жауап бермек.

4 адамнан құрылған қылмыстық топ 200 миллион тенгені өзара қалай бөліскен? 2 жылда қанша жер үй заңсыз сатылған? Бұл сауалдардың жауабы әзірге белгісіз күйде қалып тұр. 

Абзал Құрманкин, тілші:

Белгілісі аталған мәселеге қатысты алғашқы сот отырысы келесі аптаға белгіленіп отыр. Сот процесі мамырдың 23-і өтпек.