Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте құлауға жақын тұрған мұнара мен көпір әкімдік есебінен бұзылады

  • AstanaTV
  • 22 мамыр 2018
  • 4397

Шымкенттегі бұрынғы қорғасын зауытына тиесілі алып мұнара мен аспалы көпірді бұзуға 15 млн теңге шамасында қаражат керек. Бұл шығынды қалалық әкімдік көтеретін болды. Мұндай ақпаратты шахар әкімі аппаратының баспасөз қызметі таратты. Көпір мен зауыттың биік мұнарасы ресми түрде апатты деп танылған көрінеді. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жергілікті билік өкілдері жауапкершілікті өз мойнына алған. Тиісті қаражат резервтік қордан бөлінетінін де жеткізді.

Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қаласы әкімі аппараты баспасөз қызметінің  басшысы: 

Ол құлату жұмыстары немесе құлату немесе жару амалымен бұзылатын болады және де ол әкімдіктің қаражаты есебінен бұзылатын болады. Тағы да бір айта кететін жағдай бар, ол құбыр құлаған жағдайда бірде бір үйдің үстіне немесе нысанның үстіне құламайды, яғни Бадам өзені жағына құлайды. 

Бұған дейінгі жаңалықтарымызда Шымкенттегі қорғасын зауытына тиесілі алып мұнараның айналаға қауіп төндіріп тұрғанын хабарлаған едік. Алып нысанның биіктігі  - 210, диаметрі 30 метрге жуықтайды. Мамандардың мәліметінше, салмағы шамамен 500 мың тоннадай болатын құбыр құласа, күші 2-3 баллдық жер сілкінгендей әсері болады. Сол маңнан өтетін темір жол үстінен салынған аспалы көпірдің де опырылып түсу қаупі басым. Ондай жағдайда елімізден бөлек, әрісі Ресей, берісі Өзбекстанға қатынайтын пойыздар тоқтап қалуы ықтимал. Жалпы бұрынғы қорғасын зауыты аумағында осындай алып үш мұнара бар. Оны біреуін қара темірге қызыққан жергілікті жұрт алып техниканың көмегімен түбінен опыра бастаған. Қазір бұл маңға қауіпсіздік үшін арнайы күзет қойылыпты.